8-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АТЫС ҚАРУЫН, АРНАУЛЫ ҚҰРАЛДАР МЕН ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУЫ
59-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану мақсаты
Атыс қаруы, арнаулы құралдар мен дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткiзу мақсатында қолданылады.
60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану
1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттiк органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
61-бап. Атыс қаруын қолдану
1. Қызметкерлер атыс қаруын:
1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттiк ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
4) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;
5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын ақау келтiріп тоқтату;
6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру;
8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, кәмелетке толмағандардыңжасы белгілі немесе анық болған кезде оларға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға баяндауға міндетті.
2. Адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан атыс қаруы, арнаулы құралдар және дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






