11-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ
79-бап. Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатудың негіздері
Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатуға:
1) осы Заңмен белгіленген тәртіппен жұмыстан шығару;
2) құқық қорғау органы қызметкерiнiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшіне енген шешіміне сәйкес қайтыс болды деп жариялануы;
3) қызметкерді хабарсыз кеткен немесе іс-әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп заңда белгіленген тәртіппен тану негіз болып табылады.
80-бап. Жұмыстан шығарудың негіздері
1. Қызметкерлері мынадай негіздер бойынша:
1) еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және зейнетақыға құқық беретін қызметті өткерудің шекті жасына жетуі бойынша;
2) қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша;
3) денсаулық жағдайы бойынша – әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде;
4) штаттардың қысқаруына немесе құқық қорғау органының қайта ұйымдастырылуына байланысты басқа лауазымда пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда;
5) өз қалауы бойынша;
6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жұмысқа ауысуына байланысты;
7) келісімшартты бұзуға не келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты;
8) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметті одан әрі өткеруден бас тартқан жағдайда;
9) аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталған қызметке сәйкес келмеуі бойынша;
10) сынақ мерзімінің ішінде қызметке жарамсыздығы байқалған жағдайда;
11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты;
12) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін;
13) құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін;
14) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты;
15) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда;
16) осы Заңның 6-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді бермегені немесе бұрмалағаны үшін жұмыстан шығарылады.
2. Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольге не есірткіге масаң күйінде (құқық қорғау органына тиесілігі айналадағыларға анық белгілі болғанда) болу; шұғыл сипаттағы ақпаратты тергеуге зиян келтірумен жария ету; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, тыңдаушыларының және курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
3. Қызметкерлерді жұмыстан шығарудың осы баптың 1-тармағының 12) – 16) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер деп танылады.
81-бап. Жұмыстан шығарудың тәртібі және шарттары
1. Қызметкерлерді жұмыстан шығаруды қызметкерлерді осы лауазымдарға қабылдауға және тағайындауға құқық берілген лауазымды адамдар жүргізеді.
2. Құқық қорғау органдарында қызметін тоқтатқан қызметкерлер құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртiппен құқық қорғау органдарының кадрынан шығарылады.
3. Егер жұмыстан шығарылатындарәскери қызметке жарамды адамдардың запаста болуы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасқа жетпесе, қызметкерлер әскери есепке қойылып, запасқа шығарылады.
4. Жұмыстан шығарылатын қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарынан шығарылған курсанттар мен тыңдаушылар қызметтік куәлігін тапсырады. Зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге құқық қорғау органдарының зейнеткері куәлігі беріледі.
5. Өзiнiң қалауымен жұмыстан шығатын қызметкерлер жұмыстан шығу жоспарланған күннен кемiнде бiр ай бұрын өздерi қабылдаған шешiм туралы тiкелей басшысына ескертiп, ол туралы жазбаша баянат бередi.
6. Осы Заңның 80-бабының 1-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көзделген негiздемелер бойынша жұмыстан шығарылатын қызметкерлер бұл туралы жұмыстан шығарудан кемiнде бір ай бұрын хабардар етiледi.
82-бап. Құқық қорғау органдарында қызмет етудің шекті жасы
1. Құқық қорғау органдарында қызметте мынадай шекті жасқа:
1) майорға дейінгілер, кіші кеңесшіні қоса алғанда – қырық бес жасқа;
2) подполковниктер, кеңесшілер – қырық жеті жасқа;
3) полковниктер, аға кеңесшілер – елу үш жасқа;
4) жоғары басшы құрамдағы адамдар елу сегіз жасқа дейін бола алады.
2. Құқық қорғау органының лауазымдарға тағайындау құқығы берілген басшысы немесе уәкілетті басшысы жоғары кәсіптік даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжірибесі бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметті өткеруге жарамды қызметкерлерге, олардың келісімімен, қызмет мерзімін бес жылға дейінгі мерзімге ұзартады.
Ерекше жағдайларда, құқық қорғау органының тиісті лауазымдарға тағайындау құқығы берілген басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша қызметкерлерге осы мерзім сол тәртіппен бес жылға дейін, ал ғылыми дәрежесі немесе атағы бар жекелеген қызметкерлерге он жылға дейін қайта ұзартылуы мүмкін.
Қызметте қалдыру мерзімін ұзарту туралы шешім осы Заңда көзделген негіздер бойынша қызметкерді құқық қорғау органдарынан шығару мүмкіндігінен айырмайды.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






