Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

2-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТҰРУ

 

6-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру шарты

1. Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.

2. Құқық қорғау қызметіне:

1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;

2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;

3) өзінің мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;

4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;

5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған;

9) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен шығарылған адам қабылданбайды.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау құқық қорғау қызметіне қабылдаудан бас тартуға негізболып табылады.

4. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.

5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияларда медициналық куәландырудан міндетті түрде өтедi.

6. Азамат және оның зайыбы (жұбайы) құқық қорғау қызметіне тұрған кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.

 

7-бап. Құқық қорғау қызметіне үміткерлерді іріктеу 

1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын үміткерлерді іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері жүзеге асырады.

2. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру үміткерлерді міндетті түрде тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, конкурсты және тағылымдаманы өткізу шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс өткізу кезінде Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді басылымдарда жарияланады.

Конкурстық ірктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдардың, теріс себептермен жұмыстан шығарылған не өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адамдарды қоспағанда, өз өкілеттігін тоқтатқан және қойылатын тиісті бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер болған адамдардың, Парламент депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың құқық қорғау қызметіне конкурстық iрiктеусiз тұруға құқығы бар. Олардың лауазымдарға орналасу тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

4. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде бос лауазымға орналасуы, ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген және келісімін берген жағдайда, ауысу тәртібімен конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.

 

8-бап. Құқық қорғау қызметіне қабылдау 

1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады.

2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкілетті басшыларының бұйрықтарымен ресiмделедi. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдырып жарияланады.

3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өздерінің мәртебесi және соған негiзделген беделi жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін iс-әрекеттерді болғызбау   мақсатында өздерiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда ресімделедi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соқтырады.

4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданған әскери мiндеттiлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебiне қойылады.

 

9-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау 

1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толғанадамдар қабылдана алады.

Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібінжалпы білім берудің оқу бағдарламаларын тиісті деңгейде іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларынасәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.

2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтiзбелiк есеппен бес жылға келiсiмшарт жасасады.

3. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелерi мен жауапкершілiгi белгiленедi және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Келiсiмшарт қабылдау комиссиясының құқық қорғау органының  білім беру ұйымына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

4. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.

5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаныбойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.

6. Қызметкер құқық қорғау органының  білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет толық атқарылмаған әрбiр айға тепе-тең есептеледi.

7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқудың толық  курсын бiтiргендер үшін оқыған уақыты мерзімді әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.

8. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған курсанттары (тыңдаушылары) әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар мемлекетке өздерін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға тепе-тең есептеледi.

9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өтеу  Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

10. Жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшiн құқық қорғау органдарына жiберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңiне бос лауазымға тағайындалады.

11. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін магистратураға және докторантураға бірден қабылданған қызметкерлерге, тиiстi кафедра оқытушысының  айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерiнде лауазымдық айлықақы, сондай-ақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн қосымша ақы төленедi.

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған қызметкерлерге оқу уақытына оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқарған емес) бойынша лауазымдық айлықақысының жетпіс  пайызы мөлшерінде лауазымдық айлықақы белгіленеді.

12. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалыс кезеңіне  қалааралық автомобиль (таксиді қоспағанда), темiржол және су көлiгiмен тұрақты тұратын жеріне баруға және кейiн қайтуға жол жүру ақысы төленедi.

13. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен,  құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында жоғары кәсіптік білім ала алады.

 

10-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы құрам лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар

1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам  лауазымдарына – жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына – отыз бес жастан аспаған, тиістібiлiмi бар және мерзiмдi әскери қызмет өткерген азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған немесе кейiнге қалдырылған азаматтар қабылданады.

2. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімiбар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.

Орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімi бар азаматтар қабылданады  немесе қызметкерлер тағайындалады.

3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақыру жасындағы азаматтар орта және аға басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi болған жағдайда ғана қабылдана алады.

4. Аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi бар азаматтар қабылданады  немесе қызметкерлер тағайындалады.

 

11-бап. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұратын адамдар үшін арнайы бастапқы оқыту

1. Құқық қорғау органдарына қатардағы, кiшi және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет тұратын адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында арнайы бастапқы оқытудан өтеді.

2. Арнайы бастапқы оқытудан өту тәртiбi мен шарттарын құқық қорғау органының басшысы айқындайды. Арнайы бастапқы оқытуға қабылданған адамдарды ұстау бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

3. Арнайы бастапқы оқыту мерзімі құқық қорғау қызметіндегі өтіліне (еңбек сіңірген жылдарына) есептеледі.

4. Арнайы бастапқы оқытудан:

прокуратура органдарына қызметке тұратын адамдар;

құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдар;

құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері;

құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар өтпейдi.

 

12-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру кезіндегі сынақ мерзімі

1. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұрған адамдар үшiн тиiстi лауазымға тағайындала және оларға тәжiрибелi қызметкерлер арасынан тәлiмгер бекiтіле отырып, үш айға дейінгі сынақ мерзiмi белгіленеді.

2. Сынақ мерзімі оның құқық қорғау қызметінде атқарып жүрген лауазымына сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленеді. Сынақ мерзімі кезеңінде арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілмейді.

3. Сынақ мерзімінен өту туралы шарт құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының құқық қорғау қызметі лауазымына тағайындау туралы  бұйрығында көзделеді.

4. Егер сынақ мерзiмi аяқталса, ал қызметкер құқық қорғау органдарындағы қызметiн жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып есептеледі және сынақ мерзімі құқық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне есептеледi. Бұдан кейiн жұмыстан шығаруға осы Заңда көзделген негiздер бойынша ғана жол беріледі.

5. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерге осы Заңның және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері қолданылады. Қызметкер сынақ мерзімі кезеңінде өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындайды, атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқықтарын қоспағанда, өзіне берілген құқықтарды толық көлемде іске асырады.

6. Қызметкердің дәлелді себептермен қызметте болмауы сынақ мерзіміне есептелмейді.

7. Құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдарға, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектеріне, бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған адамдарға сынақ мерзiмi белгiленбейдi.

 

13-бап. Қызметкерлердің Ант қабылдау тәртібі

1. Мыналар:

1) құқық қорғау органдарына бірінші рет қызметке тұрған, арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген адамдар;

2) білім беру ұйымдарының бұрын Ант қабылдамаған курсанттары, тыңдаушылары – оқуға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей;

3) бұған дейін қандай да бір себептер бойынша Ант қабылдамаған қызметкерлер Ант қабылдайды.

2. Ант құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының басшылық етуімен құқық қорғау органында салтанатты жағдайда қабылданады.

3. Қызметкерлердің дер кезінде Ант қабылдауы, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру мен қабылдау есебін жүргізу құқық қорғау органдары кадр бөлімшелерінің басшыларына жүктеледі.


Артқа