6-тарау. АТТЕСТАТТАУ
47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау
1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.
2. Қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемі болып табылады.
3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.
4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.
Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.
5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
1) аттестаттау өткізуге дайындықты;
2) прокуратура органдары қызметкерлерін қоспағанда, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруды;
3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;
4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;
5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру
1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кадр бөлімшелері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
2. Дайындық мынадай іс-шараларды:
1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;
3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;
4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
Тесттен өтудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі – шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Құқық қорғау органының кадр бөлімшесі осы Заңға сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
4.Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
5. Кадр бөлімшесі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
6. Аттестатталуға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр бөлімшесіне жіберіледі.
7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр бөлімшесіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
10. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.
49-бап. Аттестаттау комиссиясы
1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
3. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болады, оны комиссия басшысы айқындайды.
Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.
6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр бөлімшелерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.
7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
50-бап. Аттестаттауды өткізу
1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.
3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:
1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес;
3) қайта аттестатталуға тиіс;
4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
8. Кадр бөлімшесі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
51-бап. Қайта аттестаттау
1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.
3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай:
1) атқаратын лауазымына сәйкес;
2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
3) атқаратын лауазымына сәйкес емес және жұмыстан шығарылуға ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
4. Аттестаттау комиссиясының жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасай отырып, қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.
52-бап. Аттестаттау комиссиясының шешімі
Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары тұрған лауазымға ұсыну, қызметкерді лауазымынан төмендету немесе оны жұмыстан шығару негіздерінің бірі бола алады.
53-бап. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану
Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір айлық мерзімде құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






