8 -ақпан, 2010 жыл
Алматыда Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың және «Адам құқықтары үшін Хартиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қылмыстық-құқықтық саладағы заңнаманы либерализациялаудың жәй-күйі мен негізгі бағыттары жөнінде дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының Орынбасары Т.Донақов, Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов, Жоғарғы Соттың Төрағасы М.Әлімбеков, Бас Прокурор Қ.Мәми, Парламент депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Шәкіров, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел үлкен қоғамдық қауіп тудырмайтын қылмыстардың ауырлығынан одан әрі арылтып, оларды әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатқызуды, сондай-ақ, жазаны жеңілдету жолымен жекелеген қылмыстардың ауырлық дәрежесін қайта бағалауды көздейтін Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен Ел президентінің «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауының қағидаларын жүзеге асыру аясында өтті.
Қылмыстық құқықты одан әрі либерализациялау жүргізіліп отырған құқықтық саясаттың басым бағыты болып табылады. Үлкен қоғамдық қауіп тудырмайтын жекелеген қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық қатарына жатқызу жазаны жасалған әрекет ауырлығына сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарының назарын неғұрлым ауыр қылмыстарға аударуға жұмылдыруға, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін болады.
Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ жазаның бас бостандығынан айыру сияқты түрін қолдануды барынша азайту, оны Қылмыстық кодекстің кейбір баптарынан алып тастау, сондай-ақ жазаның адамды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес басқа түрлерін іс жүзінде қолдануды кеңейту туралы мәселелер талқыланды. Осыған байланысты дөгелек үстелдің кейбір қатысушылары жекелеген қылмыстар жасағаны үшін мөлшерін ұлғайта отырып айыппұл салу, қоғамдық және түзеу жұмыстарына тарту сияқты жаза түрлерін жиірек қолдануды ұсынды.
Еліміздің қылмыстық саясатын жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық атқару құқығын кешенді, өзара байланысты түрде түзетуді көздейді.
Осыған байланысты, дөңгелек үстел барысында еліміздің қылмыстық-атқару жүйесін реформалау перспективасы, сотталғандарға қатігездікпен және жауыздықпен қарау және қылмыстық қудалауға іліккен адамдардың басқа да конституциялық құқықтарының бұзылу фактілерін болдырмау жәйттері қаралды.
Оған қатысушылардың көпшілігі мемлекет қабылдап отырған шаралар жалпы алғанда қылмыстық құқықтың үдемелі дамуын қамтамасыз ететіні жөнінде пікір білдірді.
Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесінде оған қатысушылар қылмыстық-құқықтық саладағы заңнаманы жетілдіру кезінде ескерілуге тиіс бірқатар ұсыныстар жасады.
25- ақпан, 2010 жыл
Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру Кеңесінің кезекті мәжілісі өтті.
Мәжілісте Ұлттық қордың қаржы дағдарысы зардаптарын еңсеруге бөлінген қаржысын заңды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың жәй-күйі қарастырылды.
Отырысқа Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Төрайымы Е.Л.Бахмутова, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының және «Қазагро» Ұлттық холдингінің басшылары Қ.Н.Келімбетов пен А.С.Мамытбеков қатысты.
Өткен жылы мемлекет ұлттық экономиканы қолдауға теңдессіз шаралар қабылдап, осы мақсатта Ұлттық қор қаржысынан 1 триллион 200 миллиардтан астам теңге бөлінді.
Мемлекет басшысы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға және осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты, уәкілетті органдар тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары халықтың ипотекалық заемдарын қайта қаржыландыруға, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, экономиканың нақты секторын несиелендіруге бөлінген қор қаржысының жұмсалуының заңдылығын тексеруді аяқтады.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар бюджет қаражатын тиісінше пайдаланудың Үкімет белгілеген шарттарға сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз етті. Айтарлықтай бұзушылықтар және көлеңкелі мәмілелердің жасалу деректері анықталған жоқ.
Құқық қорғау органдары уәкілетті құрылымдармен бірге Елбасының дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты мақсатты және тиімді жұмсау жөніндегі тапсырмасының тиісінше орындалуын қамтамасыз етті.
Үйлестіру Кеңесінің мүшелері мемлекеттік органдардың осы мәселедегі өзара іс-қимыл деңгейіне оң баға берді. Қызметтік міндеттер мен жауапкершілік салаларының айқын межеленуі мен ақпарат алмасу және мониторинг жүргізу механизмінің біркелкі тәртібінің бекітілуі атап айтылды.
Үйлестіру Кеңесі осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет деп тапты. Еліміздің Бас Прокуроры бизнес-қоғамдастықтары өкілдерімен өзара бірлескен іс-қимылдың және тиісті талаптарға сай келетін адамдардың мемлекеттік қаржылық көмек алуына бөгет жасайтын жәйттерді жоюдың маңыздылығын атап көрсетті. Осыған орай Қайрат Мәми құқық қорғау органдарынан тексеру шараларын ұйымдастыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтауды талап етті. Шаруашылық жүргізуші қызметке негізсіз араласып, бизнес өкілдерін өз ісінен алаңдатуға жол берілмеуіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, отырыс барысында Үйлестіру Кеңесінің 2009 жылы жүргізген жұмыстарының есебі де тыңдалды.
Мәжіліс қорытындысында көрсетілген мәселелер бойынша жұмыс тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.
18- наурыз, 2010 жыл
Астанада Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерді бақылаушы-қадағалаушы органдар тарапынан олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Мемлекет Басшысы Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Премьер-Министр Кеңсесінің және Бас прокуратураның басшылары, «Нұр Отан» ХДП мүшелері, өзге де министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері қатысты. Кәсіпкерлер Ассоциациясынан «Атамекен» Одағының және Қазақстан кәсіпкерлері Форумының жетекшілері болды.
Дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бөгет болып отырған әкімшілік кедергілер, сондай-ақ жемқорлықтың көріністеріне қарсы тұру және осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Мемлекет Басшысы анықтаған экономикалық саясатқа сәйкес, кәсіпкерлердің заңды қызметтеріне кедергі келтіру және негізсіз шектеу жағдайларына жол бермеу бойынша мемлекеттік органдардың нақты шаралар қолданып отырғаны атап көрсетілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру және бизнес өкілдерін мемлекеттік органдардың заңсыз тексерулерінен қорғау бойынша одан әрі бірлескен шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отыр.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, «Атамекен» Одағы және «Қазақстан кәсіпкерлерінің Форумы» арасында кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің айқындығын арттыруға мүмкіндік беретін шешімдер қабылданды.
16 -сәуір, 2010 жыл
Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру Кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтіп, онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтармен күрестің жай-күйі, сондай-ақ құқық қорғау және уәкілетті органдардың осы мәселе бойынша жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған шаралары талқыланды.
Мәжіліс жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Парламент депутаттары, құқық қорғау құрылымдарының бірінші басшылары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс және ақпарат, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, туризм және спорт министрліктерінің, жастар ұйымдарының өкілдері және басқалар қатысты.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың таралуымен күресті одан әрі күшейтудің өзектілігін Мемлекет басшысы өткен жылғы қарашада болған халықпен тікелей желі барысында атап көрсетті. Осыған орай, Бас прокуратура бірқатар түбегейлі шаралар белгілеп, өңірлерге шыға отырып тексерулер жүргізді. Нәтижесінде белгілі болғандай, кейбір өңірлерде, әсіресе, Тараз қаласында жағдай күрделі күйінде қалып отыр және ондағы орта оқу орындарында бопсалау, ақша жинау және бұзақылық деректері жиілеп кеткен.
Жиналысқа қатысушылар жалпы білім беру және арнаулы оқу орындарының әкімшілігі, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия қызметіндегі орын алған кемшіліктерге назар аударды. Балалардың бойына қоғамға жат әрекеттерді, құқыққа қарсы пиғыл мен әуестікті болдырмайтын мінез-құлық қалыптастыруға бағытталған қосымша кешенді шаралар қарастырылды. Қылмыстық атқару саясатын одан әрі ізгілендіру, қылмыс жасаған жасөспірімдерді қоғамға қайтадан бейімдеу және әлеуметтендіру аясында оларды жазалау мекемелерінде қамаудан тыс қылмыстық-құқықтық шаралардың қолданылуын кеңейту ұсынылды.
Мәжіліс барысында Бас Прокурор құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру, алдын-алу жұмыстарын сапалы жүргізу, жасөспірімдерді қылмыстық элементтердің ықпалынан барынша қорғау, сондай-ақ олардың құқықтарының бұзылуының уақтылы жолын кесу қажеттілігін атап көрсетті.
Талқылау нәтижесі бойынша Кеңес мүшелері кәмелетке толмағандардың девиантты көріністерін азайтуға, осы салада прокурорлық қадағалауды және ведомстволық бақылауды жетілдіруге бағытталған шешім қабылдады.
5- мамыр, 2010 жыл
Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру Кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтіп, онда контрабандаға қарсы күрес мәселелері қарастырылды.
Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен Кедендік одаққа кіруі аясында экономикалық қауіпсіздікті онан әрі күшейту және елімізге тауарларды заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мәселелерінің өзектілігі арта түсті.
Осыған орай, құзырлы органдар мен ведомстволар мемлекеттік шекараларды бекіту және кедендік бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізуде.
Үйлестіру Кеңесінің мүшелері уәкілетті және құқық қорғау органдарының осы мәселе бойынша өзара іс-қимыл деңгейіне тұтастай алғанда оң баға берді. Сонымен қатар, контрабандамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру, шекараны инженерлік нығайту және өткізу бекеттерін техникалық жабдықтау бойынша жұмыстардың белсенділігін күшейту, сондай-ақ жүк тасымалын жүзеге асыратын ұйымдармен үйлесімді іс-қимыл орнатудың маңыздылығы атап көрсетілді.
Мәжіліс барысында Бас Прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарадағы инженерлік бекіту қондырғыларының құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажеттілігіне назар аударып, сондай-ақ жүктерді кедендік рәсімдеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті.
Талқылау нәтижесі бойынша кеден саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларын одан әрі жетілдіруге бағытталған шешім қабылданды.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






