Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

КЕНЕН КЕУДЕНІҢ КҮНІ СӨНБЕЙДІ


Халық деген жайсаңнан ұзақ жасаған ешкім жоқ. Оның жа­дында жұрт ішінде құрметі арт­қан, ерен ісімен аты қалған талай аймаңдай азаматтың тарихаты жазулы тұр. Солардың тобынан тот баспаған алмастай болып Бекзатхан бейнесі жарқырайды. Атадан өсиет, анадан қасиет сіңірген ауыл баласы үлкендердің үлгісі мен өнегелі сөзін зердесіне жиып бой тіктеді. Атасы Әбудің соңынан ере жүріп, елмен ара­ласып, жақсы мен жаманды ой елегінен өткізді. Әжесі Фати­маның ертегісін тыңдап ер жетті. Көкірегіне арман ұялап, сана­сынан сәулелі жол із ашты.

Сондықтан болар, бозбала Бекзат сол кездегі ауыл бала­ларының жүрегі дауалай бер­мейтін заңгер мамандығын таң­дады. Жоғары мектептердің қара­шаңырағы - «ҚазГУ»-ді бітірді. Арманшыл жас оқуды онан әрі жалғап, философия және заң институтына да сынақ тапсыра бастаған. Бірақ... тұз-дәм ауылға тартты. Бұл - 1969 жыл болатын.

Қызылордаға келіп, маман­дығы бойынша жұмысқа кіріскен жас «шүу» дегеннен ширақ қи­мыл, сергек ой, тындырымды ісімен танылды. Туасы Бекең самарқаулық, жалқаулық деген жаман әдеттерден аулақ болатын. Көп ұзамай-ақ Сырдария ау­дандық прокуратурасына тер­геуші болып орналасты. Он жыл­дан астам осы міндетті атқарды. Жасынан кең жүректі атасының тәлімін көріп өскен ұл ұстараның жүзіндей қылпылдаған қызметте де өзіне әділдік пен туралықты серік етті. Атасының баяғыда Есабыз әулие басына жетектеп апарып, «бұл сенің бабаң, за­рыққанға жебеуші, тарыққанға демеуші болған адам» дегенін ұмытпады. «Кім менің атымды атап, есіне алса, сол менің балам» деген Есабыз әулиенің даналық сөзін есінде берік сақтады. Өзінен таяныш іздеп, сеніп келгеннің серігі болып, ақиқаттың ара­шасына айналды. «Тура, тура айтам деп, туысқаныма жақ­паймын» дейтін сөздің де солығын басқан Бекең шығар. Тура сөй­леді, тік қарады. Бірақ ақиқатқа іш тартпайтын адам бар ма, ағайын-туасы жақсы көрді, Бе­кеңді бүкіл ел-жұрттың биі деп білді. Тергеушінің тегеурінді жұмысын, әділ іс-әрекетін сала басшылары да бағалады. 1973 жылы КСРО Бас прокуроры Руденко оның ең жас білікті прокурор екенін айтып, өз қо­лынан мақтау қағазын берді.

1982 жылы өз жұмысында ерекше қабілет, кәсіби біліктілік танытқан Бекең облыс про­ку­рорының орынбасары болып қызмет сатысына көтерілді. Алай­да бұл кісі қызмет бабынан кісілікті, адамгершілікті биік тұтты. Талай қиын түйінді шешті. Заңды құрметтеді, одан аттамады, обал-сауаптың да орнын ала­сартпады. Кейде сот шешімі шықпастан кінәлі деп табылған адамның кемінде 10-15 жылға түрмеге жабылатыны жария бо­лып, кейін ол кісілердің кінәсіз екені анықталатын жағдайлар ұшырасады. Сол екі ортада әлгі адам қаншама зардап шегеді. Жазықсызды ар-ождан тұрғы­сынан тұқыртып, жан-жүйесіне салмақ салған заң орындау­шылары бұған жауап бермейді, нағыз әділетсіздік осы! Оны былай қойғанда, әлгі жәбір бе­руші қызметкер жұмысы жөнінен марапатталып, тіпті өсіп кетіп те жатады. Бекең мұндай бассыз-көзсіз бейадамдыққа жол берген емес, ол сондықтан да барша жұрттың қадірмені болып қалды.

Қызметке кейін келген жас мамандар Бекзат ағасына қарап тұрқын түзеді. Бекең келе жат­қанда жұрт жарылып жол беруші еді. Оның бойында былайғыға байқала бермейтін рух сәулеленіп тұратын. Ағайын-туыс арасында кішкентайларының тілін қызық­тағандар «Өскенде кім боласың?» деп сұраса, балғындар «Бек­затхан боламын» деп жауап бе­ретін. Бала санасына дейін орныққан Бекзатхан атының беделі оның сол бір рух күшінде жатыр ма екен?!

Тәуелсіздік алған 1991 жылы облыстық сотқа жаңа төраға тағайындалмақ болғанда оған бірнеше үміткердің аты аталды. Қиын кезең, ел еңсесі төмен, жүйені қайта құрып, жетілдіретін уақыт. Ал міндет атанға жүк боларлық ауыр. Осы сәтте бас­шылық тарапынан тағы да Бек­затхан есімі аталды. Бұл қиын да, күрделі міндетті Бекеңнің ғана мінсіз атқаратындығына сенім білдірілді. Расында сол уақытта сот саласын реформалау, осы мәселелерге байланысты көр­шілермен, шет елдермен бай­ланысу, әріптестік іс жүргізу қажеттіліктері кезек күттірмей тұрды. Осының бәрінде отан­герлік, адамгершілік қағидат­тармен берік қаруланған Бек­затхан өз мамандығының қыр-сырын меңгерген алымдылығын алға ұстады.

Бұл кісі істің түйінін қатып қалған заңмен емес, жұмсақ сөзбен де шеше білген. 1998 жыл мекемелердің өзара қарыз есеп­тері затпен, астықпен атқары­латын, ақшаның тапшы уақыты еді. Сондай бір күні шиелілік диқандардан қалалық бір мекеме жүз тоннадан артық күріш алып, қате толтырылған құжаттың кесі­рінен ақшасын төлемей қашқан оқиға өтеді. Ауылдастары об­лыстық сот Бекеңнің алдына келеді. Мән-жайға қаныққан сот төрағасы жауапты адамды өзіне шақыртады.

- Мына кісілердің қайдан, неге, кімге келіп отырғанын біле­сің бе? - дейді Бекең салмақты үнмен.

- Білем, білем... - деп кінәлі басшы сот кабинетінен кібір­тіктеп шыға жөнеліпті.

- Енді бара беріңіздер, мәселе шешілді, - депті Бекең.

Сөйтіп ауыл адамдарының арыз арқалап әкім-қараларға орындата алмай жүрген жұмысы бір ауыз сөзбен бітіпті.

Осы істі арыз соңына түсіп, заңға сүйеніп, бір тарапты кінәлі деп тауып, тиісті жаза көру арқылы да шешуге болатын. Бірақ Бекең оған бармайды, талай жұмысты дәл осылайша ақыл-парасатпен орнықтырған кісі еді ол. Бұл, сөз жоқ, бедел мен абырой күші. А десең үрке жө­нелетін қайран қасиет таза адам­ның ғана бойында тұрақтай алатын болса керек.

Облыстық сот төрағалығы қызметімен қатар тергеу істері алқасының төрағасы болған Бекең талай шиеленісті мәсе­лелердің түйінін шешуде өзінің ерекше қарым-қабілетін, қадыр-қасиетін паш етті. Сөйтіп, 1998 жылы облыс прокуроры қызметіне келеді. Оның саладағы жұмысы жоғары бағаға да ие болды. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан әділет генерал-майоры шенін алуы сол ұзақ жылғы еңбектің айғағы еді. Еңбек де­генде қолы құрыш, белі беріш Бекеңнің ары мен ожданы да айнадай таза болатын.

Араласқаны, сыйласқаны, дос тұтқаны көптің бірі осы кісі. Оның жаны жақын, көңілі адал жора-жолдасы, аға-інісі қазақ­тың арасында ғана емес, өзге ұлттардың арасында да көп-ті. Гайданов, Константинов, Кор­чагин, Хитрин - сондай сыйлас­тықтағы жандар. Солардың бірі - Валерий Василенко еді. Ха­баровск, Приморье өлкелерінде прокурор болып қызмет еткен ол Бекеңнің қазалы хабарын есті­генде әйеліне: «Телефон тұт­қасын ұстауға жүрегім шыдатпай отыр, Светаға сен хабарласып, көңіл айт» депті. Осының өзінен-ақ Бекеңнің дос алдындағы қаді­рінің қандай екенін безбендей беріңіз.

Бекең мен сонау студент ша­ғында бас қосқан Светлана Әбіт­қазы екеуі үш ұл, бір қызды өмірге әкеліп, олардың тәрбиесіне, білім алуына ерекше көңіл бөлген жандар. «Әкесі жұмыстан шар­шап келгеніне қарамай, бала­ларымен қосылып ән салып отырушы еді» деп еске алады зайыбы бүгінде. Расында балаға сөзбен емес, іс-әрекет, бітім-болмыспен берілген тәрбие ғана сіңімді болған. Бекеңнің бала­лары да үлгі, өнеге көріп ер жетті. Тұңғыш ұл Бақытжан әке жо­лымен заң қызметкерінің оқуын бітірді. Осы салада көптеген белді қызметтер атқарып келе жатыр. Екінші ұл Орынбасар да екі жоғары мектепте оқыды. Адал қызметімен айналасына енді таныла бастаған шақта жол апатынан бақилық болды. Ар­тында қос перзенті қалды. Олар­дан кейінгі Замира «арпа ішінде бір бидай» дегендей, бір түйір қыздары. Ол да үйлі-жайлы, мамандығы экономист, ғылым кандидаты. Кенже ұлдары Бау­ыр­жан саяси ғылымдар кан­дидаты, қазір Италияда, елшілік­те қызмет істейді. Қайран Бекең «бір үйде үш ғылым кандидаты бармыз» деп балаларына көңілі толып, марқайып отырады екен. Сол балаларынан алты немерені көзі көрді. Құдалары - Оңалбек Сәпиев, Сүлеймен Қалыбаев, Тамас Айтмұхамедов, Тасыбеков секілді елге мәлім, өскен-өркен­деген отбасылар.

Кейінгі жылдары Бекеңнің отбасы Алматыға көшіп барды. Мұнда әуелі облыс прокуро­рының бірінші орынбасары, ал өмірінің соңында оңтүстік-шы­ғыс көлік прокурорының орын­басары болып қызмет атқарды.

Қай жерге барса да, қай төрге шықса да басы сыйлы Бекеңнің жұрт ең алдымен имандылық қасиеттерін ұнататын. Ол кісі ылғи таза шүберекке Құран кіта­бын орап, сөмкесіне салып жүреді екен. Діни кітаптарды көп оқитын болған. Осы жөнінде зайыбы былай дейді:

- Бір жылы біз құдайы жол беріп, «Ақмешітте» Құран оқыт­тық. Сонда Бекең мешітте тұрған тұрмысы нашар отбасылардың, кемтар жандардың тізімін алып, соларды шақырды. Өзіміз ар­найы шақырған кісілермен олар да қатар жайғасты. «Мұқтажға бер­геннің сауабы мол болады» деді. Бекеңнің имандылық жолындағы мұндай істері көп еді. Көбін айтпай істейтін.

Халық осы қасиетін жақсы көретін болар, ол кісі өмірден өтіп бара жатқанда да өзінің сонша қадірлі екеніне дүйім көпті тағы бір куә қылғандай болды. Бекең қайтты деген хабарды естісімен республика бас прокурорының орынбасары Мирзодинов маған: «Қандай көмек қажет десеңіз, айтыңыз, «Кеңсайдан» орын алуға көмектесейік» деді. Бекең «алда-жалда олай-былай болсам, мені елге апарып қойыңдар, мешіттен шығарыңдар» деп ама­наттаған болатын. Осыны айт­тым. Олар дереу бірнеше көлік ұйымдастырып, елге жөнелдік. Жолай Жамбыл, Шымкенттен сала қызметкерлері күтіп тұрды, қаралы көлік ағынына ілесіп жүрді. Ал Түркістанға таяғанда түннің бір уағында келе жатқан көп кісінің дем алып, тамақ­тануына ел азаматы Жарылқасын Тұрабаев құрақ ұшып көмек көрсетті. Бекеңнің қазасы үс­тінде, оны ақырғы сапарға шы­ғарып салуға Жарылқасын секіл­ді қаншама адам тік тұрып, қызмет етті.

Міне, енді туған жері, елі Бекеңнің қызметін, еңбегін елеп жатыр. Оның атына көше беріп, құрмет тұтуы ең бірінші аза­маттың адал еңбегінің бір өтеуі болса керек.

Светлана Әбітқызы осылай деді. Дауыс ырғағынан сағыныш сазы байқалады.

Менің есіме де біраз нәрселер оралып жатыр. Бір кезде маған: «Інім, сен қызметке келуің керек, ол үшін бойыңды таза ұста, тіліңе жалғандық жуытпа» - деп еді қамқор аға.

Ер жігіттің қадірін,

Ширатпалы тақ білер.

Қызыл тілдің қадірін,

Қаусырмалы жақ білер.

Базарға мал айдасаң,

Базары білмес, бақ білер.

Кімнің жақсы, жаманын,

Жаратқан Алла хақ білер, - деген екен Байсары абыз баба­мыз. Бекзатхан ағаның елге жасаған жақсылықтарының әр­кі­мнің-ақ жадында қалғаны анық, бір хаққа аян. Өмір заңын жазып отырған тағдыр танысым болса, қаламына жармаса кетіп, асыл ағалардың пешенесіне ұзақ ғұмыр тілеп жалынар едім. Солар­дың ішінде Бекзат ағама...

Енді оның бейнесі ұрпақ өмі­рінен орын алып, сәулеленіп тұрмақ. Себебі, асыл, саф қа­сиеттерді сақтаған алтын сан­дықтай кенен кеуденің күні сөнбейді.

 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Артқа