Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

               ЕСТЕН   КЕТПЕС  ЕСІМ     

 

Бұл азамат туралы айтпастан бұрын өткен ғасырдың 50-ші жылдарына шегініс жасаймын. Себебі ол 1955-58 жылдары Қызылорда қаласының прокуроры қызметін атқарды. Қала көлемінде сол кездегі тілмен айтқанда үш жыл «социалистік заңдылықтың» бас сақшысы болды. Елде қылмыспен күресті, құқықтық тәртіпті нығайтты. Одан кейін де Қызылорда облыстық прокуратурасында абыройлы еңбек етті. Муса Ажмұхамедұлы әсіресе кәсіби шеберлігі жоғары тергеуші ретінде ерекше есте қалған.

Отыз жылдық прокурорлық қызметінде талай ірі де күрделі істердің бетін ашып, түйінін тарқатқан.                  Біле білгенге  құқық қорғау органдарында тергеушіліктен ауыр жұмыс жоқ. Бұрын да солай, қазір де солай. Қылмысқа қарсы күрестің нәтижесі де, сапасы де тергеушінің біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне, қажет десеңіз адалдығы мен жауапкершілікті сезіне білуіне тікелей байланысты. Муса Ажмухамедовтың өмірбаяны жазылған сарғайған парақтардағы жазулар оның өзі ісіне деген шексіз адалдығын, еңбекқорлығын және оны сол кездегі басшылардың сол қажырлы еңбекті лайықты бағалай білгенін көрсетеді. Олай дейтінім кеңестік кезеңде прокуратура органында жүріп мемлекеттік наградамен марапатталу сирек кездесетін құбылыс еді. Мұндай мемлекеттік наградаларға аттары елдің есінде қалған Пазылбек Абдрахаманов, Дүйсебек Сәулебеков секілді санаулы азаматтардың (бұлар да тергеу ісінің нағыз майталмандары болатын) иеленгенін білеміз.

Ал, Ажмухамедов майдандағы медалдарын айтпағанда бейбіт кезеңде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, одан соң  «Еңбектегі жанқиярлығы үшін» және  «Еңбектегі үздігі үшін» медалдарымен екі рет марапатталған.                      Сонымен мұндай мараптаттарға ие болған Муса Ажмухамедов кім? Тағы да сарғайған парақтарға көз жүгіртер болсақ ол 1913 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданында дүниеге келген. 1930 жылдан, яғни 17 жасынан кәсіподақтар мүшесі, 1940 жылы 27 жасында СОКП қатарында. Өз өмірбаянында ол 1929-1938 жылдары әртүрлі жұмыстарда болдым - дейді. Қара жұмысшы да, есепшінің және бухгалтердің көмекшісі де болып жұмыс істеген. Сонау жиырмасыншы, отызыншы жылдары дүние есігін ашып, мал бағып, балық аулап,  арба айдап, қара нанға қарны тоймай жүрсе де білім алған, бойында жігер оты лапылдап жанған талабы зор жастардың бірі болған.

Қоғамдық істердің белсендісіне айналған ол 1938-1941 жылдары шахта комитетінің онан соң  көміршілердің кәсіподақтар комитетінің төрағасы. Ал, 1941 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданының 1 учаскесінің халық сотының судьясы болып еңбек еткен. Осы жылдың жазында ол Ұлы Отан соғысына алынады. Батыс –Тула бағытындағы Шығыс майдан армиясының 413 атқыштар дивизиясында әскери трибунал мүшесі болып жұмыс істейді. Бірақ денсаулығы сыр беріп, Коган қаласындағы әскери госпиталға түсіп, елге оралған. 1942-1951 жылдары Ақтөбе облыстық прокуратурасының қылмыстық-сот қадағалау бөлімінде аға тергеуші және осы бөлімнің бастығы қызметін атқарған. 1952 жылы Қызылорда облыстық прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы болып тағайындалған.

Сонау 70-ші жылдары Қызылорда облысының прокуроры қызметін атқарған бүгінде көзі тірі прокуратура органдарының генералы  Меңдеке Туткин өзінің «Сыр бойындағы жылдарым» атты естелігінде Ажмухамедов туралы, оның азаматтық биік болмысы туралы жылы пікірлер айта келіп, сол кездердегі  социалистік мүлікті талан-таражға салушылармен күресте оның тергеушілік тапқырлығы мен табандылығына, еңбекқорлығына әрбір тергеген ісінің нәтижелілігіне тоқталады. 

Иә, Ажмухамедов осындай белсенді де бедерлі еңбегімен сол кездегі облыс прокуроры Ғұбайдулла Лұқпановтың ұсынысы арқылы және облыстық партия комитетінің келісімімен 1967 жылы Сырдария ауданының прокуроры қызметіне тағайындалған. Осы қызметте ол 1972 жылға дейін бес жыл жемісті қызмет етеді. Ауданда заңдылықты қорғайды, қылмыскерлерге қасқая қарсы тұрып, жәбір шеккен адамдардың жанашыр жәрдемшісі, сенімді қорғаны бола біледі.  Талай адамның тағдырына араласып, жазықсыз жаладан арашалап аудан халқына «әділетті прокурор» атанады. Мұндай кадрлерді кім жібергісі келеді дейсің. Лұқпановтың орнын алмастырған облыс прокуроры Меңдеке Туткин Ажмухамедовтың осы еңбегін бағалап Сырдария ауданы прокурорлығына екінші конституциялық мерзімге қалдыруға жоғары басшылыққа ұсыныс білдіреді.

Міне, заңдылық саласында қызмет етсең осылай қажырлы да қарымды, саналы  еңбек ет дегің келеді бүгінгі жас ұрпаққа.         Асыл азаматтың өшпес те өнегелі бейнесі бүгінде қала прокуратурасы ғимаратындағы «Қызылорда қала прокурорлары» тақтасына ілінген. Елу жылда ел жаңа дейді қазақ. Ел жаңарғанмен ел есіндегі азаматтар ұмытылмауы тиіс.  Сондықтан да ардақты ағаларымыздың биік тұлғасын бүгінгі жас әріптестерге азды-көпті білдіру еді.

                                                                                              

Қызылорда қаласы

прокурорының орынбасары

Бағым Карбозов

                                              

Облыстық «Сыр дидары» газетінде (15.12.2011 жылы № 23) жарияланды
Артқа