Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

ӘДІЛЕТПЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР, СЫР САҢЛАҒЫ

 

Сыр өңірінің түлегі, ұлағатты ұстаз, бүгінгі ардагер ағамыз Балтабек Сыздықұлы өзінің саналы ғұмырының басым көпшілігін прокуратура органдарына, яғни қадағалау органдағы қызметке арнады. Қадағалау органаның екі заманындағы, екі қоғамдағы заңдылықтың сақталудағы өмір тынысы әрине ерекшеленеді. Ол кездегі прокуратурада қызметкерлердің саны шектеулі болатын, сонымен қатар мекеменің материалдық-техникалық жағдайларының нашарлағы көптеген жұмыстарға кері әсерін тигізбей қойған жоқ.

Дегенмен, сол қиындықтарды жеңе білген білікті жас заңгер облысымыздың Қармақшы ауданынан басқа барлық аудандарында табандылықпен жұмыс атқарды.

Нақтылысақ.  Арал, Жаңақорған аудандарында тергеушілік қызметтер атқарса, прокурорлық қызметін Жалағаш, Тереңөзек, Қазалы, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында прокуроры болған.

 Б.Сыздықұлы білімді де білікті, іскер, жігерлі, өмірден түйгені мол, қарамағындағыларға дұрыс талап қоя білген, қарапайымдылық пен берік ұстаным иесі атанған ардақты аға. Кешеге дейін алты ұл-қыз тәрбиелеп отырған өнегелі әке болса, бүгінде сүйікті немерелерін еркелеткен сыйлы ата.

Ауылда, дала төсінде өскен Балтабек Сыздықұлы еңбек жолын «Қызылту» (қазіргі Ы.Жақаев ауылы) колхозында механизатор болып бастады. Оның әкесі Сыздық Бақаев ұзақ жылдар партия-кеңес органдарында, колхоз басқарамасының бастығы болған ауыл шаруашылығының майталманы, елге белгілі азамат еді. Ол даңғайыр диқан, даңқты күрішші, «дала академигі» аталған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың немерелес бауыры болатын. Еңбекпен есейген Б.Сыздықұлы үш жыл Кеңес Одағының әскер қатарында борышын өтеп, елге оралып, өз ауылында көлік жүргізуші  болып жұмыс істейді.

Білімге құштар жалынды жас жігіт мектеп бітіргеніне он жылдай уақыт болса да, арман қуалап астанамыз Алматы қаласынан бір-ақ шығады. Арманы алдамапты. Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, студент атанды.

Өмірлік тәжірибесі бай Б.Сыздықұлы оқу орнын үздік тамамдап, 1971 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы прокурорының көмекшісінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды.

Оның бойына анасы Орынкүлдің сүтімен дарыған адамгершілік, парасаттылық, үлкенге іні, кішіге аға бола білген, салмақты, сабырлы қасиеттері елмен араласуда үлкен септігін тигізді. Кешегі тракторшы-шопыр жігіт, бүгінде ел-ағасы «Шиелі ауданының құрметті азаматы». Аудан арадагерлер Кеңесінің алқа мүшесі.

 Білікті маман Жаңақорған, Шиелі аудандары прокуратурасының тергеушісі қызметтерін атқарды. Он жылға жуық өнімді жұмысы нәтижесін бермей қойған жоқ.

Б.Сыздықұлы 1980 жылы Жалағаш ауданының прокурорлығына бұйрық алды. Содан бері қадағалау органының ыстық-суығында шыңдалған Балтекең облыстық прокуратураның аудандық эталондарын басқарып, жемісті еңбек етіп, жастардың тәлімгері атанып жүрген ұстаздардың бірі. Өте сауатты, тәжірибесі мол, халық арасында зор ілтипатқа ие.

Ол бес жыл Тереңөзек ауданында, төрт жыл Қазалыда, екі жыл Қызылорда қаласында, екі жыл Шиелі ауданында прокурор қызметтерін мінсіз атқарса, 1995-1997 жылдары Мемлекеттік тергеу Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқарма бастығының орынбасарлығы қызметін де абыроймен атқара білді.

Өмірінің 34 жылын құқық қорғау органына арнаған Балтабек Сызыдқұлы 1997 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Онан соң да қол қусарып қалмады, жеті жылдай Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде нұсқаушы-тергеуші болып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, қылмыс ашу, қылмыстың алдын алудағы мол тәжірибесін үйретуші Б.Сыздықұлы шаршауды білмейді.

Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, құқықтық тәрбие жөніндегі ақыл-кеңесін беріп, көпшіліктен аянбайды.

Оның аудан халқы мен ардагерлері арасындағы беделі - бас қосқан жерде заң талаптары мен заңды ұсыныстар айтып отыруының бір көрінісі. Аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер Кеңесінің мүшесі ретінде Балтекең жас маман қызметкерлерге білімі мен тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік жасап келеді.

Ағалық жолын ұстанған құрметті ардагер. Қазіргі таңда адвокат қызметін атқарып жүрген, прокуратура саласының ардагері, әділет полковнигі Балтабек Сыздықұлының ұлағатты ісі аудан жұртшылығының көз алдында.

Өзінің өмірлік қағидасына адал әрі тәртіптің құлы болу секілді берік ұстанымнан еш таймай келе жатқан Балтекең осы жылдың тамыз айнының 18-де жасы жетпіске келсе де, әлі тың, жинақы жайдарлы. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына шалқар көңілмен, шаттықпен басып келеді.

 

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы прокуроры

Исламбек Төлегенов

 

Республикалық «Заң және заман» журналы(№10,2011 ж.), облыстық «Сыр дидары» газетінде (18.10.2011 ж. №19)  және  Шиелі аудандық «Шиелі шұғыла» газетінде (11.11.2011ж. №12) жарияланды

Артқа