Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

Ұлы Отан соғысының ауыр зардаптарын бұрынғы Кеңес Одағы халықтанырдай ешкім тартқан жоқ. Олар бұл соғыста 20 млн.нан астам ұл-қызынан айырылды. Алайда, сұм соғыстың жаңғырығы санадан өшпей жатып, сол майданнан аман қайтқан ардагер азаматтардың ұрпағын тағы да бір сын сағаттар күтіп тұр еді. Ұлы Жеңістің 35 жылдығын атап өтуге дәл 135 күн қалғанда Кеңес әскерлері Ауғанстанға кіргізілді. Бұл 1979 жылдың 25 желтоқсаны болатын. Солақай саясаттың айдауымен 18-19-ғы өрімдей жас жігіттер әкелері аманат етіп қалдырған Отан намысын қорғауға аттанды. Кеңес идеологиясының мықтылығы да осында еді Бұйрыққа бағынған әскерлер бейбіт ауған халқына көмекке келдік деп түсінді. Ол расында да солай еді. 9 жылға созылған ауған соғысына 22мың қазақстандық қатысса, солардың 23-і қаза болды, 20-і із-түзсіз жоғалып кетті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысқан 2500 солдат пен офицерлердің 68-і қаза тауып, 2-і із-түзсіз кеткендер қатарына жатқызылды. Бұл, әрине, орны толмас қаза, қапыда келген қайғы болатын. Қалай болғанда да, өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысы мен одан 35 жыл кейін орын алып, тарихтың тайқағанында қайнаған интернационалист-жауынгерлердің ерлік істері әкелер аманатына адалдықтың біртұтас белгісіндей болып есімізде мәңгі қалары анық.

Ұлы Отан соғысыдағы біздің әкелеріміз бен аналарымыздың   қан   майдандағы, тылдағы   жанқиярлық   еңбектері   өнеге болып тарап, ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатыр.Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ол кісілер жанқиярлықпен еңбек етті. Заңдылықтың сақталуы жолында бар күш – жігерлерін аяған жоқ. Осы сәтті, бүгінгі мерекені пайдалана отырып, мен сондай кісілердің бірқатарына       тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Өйткені, бұл ағаларымыз кеудесіндегі соғыс салған жарақатқа қарамастан, елдегі ауыр тіршілікке араласып кетті.

Айталық , Қазақ КСР прокуратурасын 18 жыл басқарған Өтеген Сейітұлы Сейітов 1941 – 1945 жылдары Румыния, Болгария, Югославия, Австрия, Венгрияны азат етуге қатысты. Жеңісті Вена қаласында қарсы алды. Ал бейбіт өмірдегі еңбек жолын Ө.Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес аудандық прокуратурасында халық тергеушілігінен бастаған. Бұл 1945 жылдың желтоқсан айы еді. Содан небәрі 2 ай ғана бұрын армия қатарынан босаған 22-дегі жас жігіт жеті жыл Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында жемісті еңбек етті, өмір мектебінен өтті. Үлкен өмірге – бұдан кейінгі абыройлы да, аса жауапты қызметке жолдаманы осы біздің оңтүстік өңірінен алды. Бұл біз үшін мақтаныш.

Күні кеше ғана 100 жасқа толған ардақты генералымыз, мерейтойына ҚР Бас Прокуроры Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің өзі арнайы келіп қатысқан Нұрғали Смағұлов ағамыз 1956-1959 жылдары біздің Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып қызмет істеген. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған Нұрғали Балдықбайұлы елімізге аты белгілі  көптеген заңгерлерді тәрбиелеп шығарғанын біз әрдайым еске түсіріп отырамыз.

Бүгінгі Отырар ауданының түлегі Шәмші аға Абдуллаев (суретте) майдандағы ерлік істері үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да көптеген марапаттарға ие болған. Прокуратура органдарында 1946 жылдан бастап тергеуші, прокурордың көмекшісі болып, жемісті жұмыстар атқарды. 1984 жылы зейнет демалысына шықты. Шәмші аға қазіргі кезде де жастар тәлімгері. Кешегі алапат майданның бүгінгі көзі тірі, көкірегі шежіреге толы куәгерлерінің бірі.

1942 жылы соғысқа алынып, Сталинградты азат етуге қатысқан Дәрменбек Садыбаев кезекті бір шайқаста ауыр жарақат алады. Госпитальда жатып емделгеннен кейін майдан даласына қайта оралады. Белорусияны, Украинаны, Польшаны азат етуге қатысқан Дәрменбек Садыбайұлы соғысты 1945 жылы Берлинде аяқтаған. Соғыстан кейін Д.Садыбаев Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратура органдарында 19 жыл жемісті еңбек етті. «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері атанған Дәрменбек аға бүгінгі бейбіт өмірде де саптан шыққан жоқ. Ол кісі қазір Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық заң кеңесінің меңгерушісі, облыстық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі.

Өзінің жастық жалынын майдан даласында өткізген Байзақ Есжанов І Белорусь майданына қарасты 16 атты әскер дивизиясында жүріп ондаған күрделі операцияларға қатысады. Сондай шешуші айқастың бірінде Б.Есжанов басқаратын 3-ші эскадрон құрамасы ерекше көзге түседі. Олар бұл жолы Н нүктесіндегі жау бекінісін бұзып өтіп, аса қуатты оқ-дәрі қоймасын жарып жіберген еді. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Б.Есжановқа ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені тапсырылады.

Соғыстан кейін Байзақ ағаның Жамбыл облысының Қордай, Шу аудандық прокуратураларында ұзақ жыдар бойы жемісті еңбек еткенін жақсы білеміз. Қазір бұл даңқты ағамыз Созақ ауданында тұрады.

Кеше ғана арамыздан кеткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әзімхан Файзиевтің, Әнуарбек Битасовтың,  Арысбай Саховтың ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес.

1941 жылдың 7 қарашасындағы әскери шеру Қызыл Алаңды ғана емес, бүкіл майдан даласын дүр сілкінткені мәлім. Өйткені шеруге қатысқан еріктілер мен арнайы құрамалар бірден ұрыс даласына аттанған еді. Сол мыңдаған батырлардың арасында Әзімхан Файзиев ағамыз да бар болатын. Соғыстан кейін Ә.Файзиев прокуратура органдарында ұзақ жыл қызмет істеді. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бөлім бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, аға әділет кеңесшісі шенінде зейнет демалысына шықты.

Соғыс басталған жылы 18- ге енді толған Досмахамбет Төлегенов ағамыз 1942 жылы майданға алынады. Үш жыл өлім мен өмірдің ортасында жүріп «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған Д. Төлегенов 1945 жылғы Қызыл Алаңдағы Жеңіс шеруіне қатысқан бүгінгі көзі тірі куәгерлердің бірі. Досекең ақсақал өзінің бейбіт өмірдегі еңбек жолын 1948 жылы аудандық прокуратурада тергеуші болып бастаған. Одан кейін аудан прокуроры, облыстық прокуратураның бөлім меңгерушісі болып ұзақ жылдар еңбек етті. Жеті баладан немере, шөберелер сүйіп отырған Досмахамбет Төлегенов 1986 жылдан бастап зейнет демалысында. Алайда «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей Домахамбет аға облыстық прокуратураның жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің ұйытқысы бола жүріп, тәуелсіз еліміздің жас заңгерлеріне ақыл - кеңесін беруден жалыққан емес.

Прокуратура саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Әкімқары Есжановтың да ерлік істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып тарады. Тек қана бір үрыстың өзінде ол басқаратын взвод үш танкты, жүздеген жаяу әскерді жойып жібереді. Саптағы жауынгерлер опат болғанымен, жау бекіністі ала алмайды. Ә. Есжановтың өзі осы ұрыста ауыр жарақат алып, Томскідегі госпитальға жөнелтіледі. Алайда, жаужүрек батырдың еңбегі елеусіз қалмайды. Арада төрт ай өткенде барып «Даңқ» ордені ерліктің куәсіндей болып госпитальда жатқан батырдың кеудесіне тағылады.

Айта берсек мұндай ерлік істер, әрине, көп. Кешегі қан майданның куәгерлері бүгінгі бейбіт өмірде де аянбай еңбек етті. Ұрпақ өсірді. Үлгі - өнеге бола білді. Өкінішке орай, олардың қатары күннен - күнге сиреп барады. Мәселен, прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызметтер атқарған, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбектері үшін» медальдарының иегерлері Ә.Өтелбеков, А.Ерыгина, А.Нұрымбетов, Л.Берлякова, А.Шихалева, М.Бисенбаев сынды ағаларымыз бен апаларымыз тылдағы ауыр еңбектің дәмін татып өсті. Бұлардың көбісі қазір арамызда жоқ. Бірақ олардың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.

 

Суретте: 2-ші дәрежелі « Ұлы Отан соғысы» ордені мен 3 мәрте « Ерлігі үшін» медалінің иегері Шәмші Абдуллаев пен « Ерлігі үшін» медалінің иегері, интернационалист-жауынгер, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орындасары Ғабит Миразов.

 

Солдан оңға қарай:

(1-қатарда) Битасов Ануарбек, Төлегенов Досмаханбет, Файзиев Әзімхан

(2-қатарда) Есжанов Байзақ, Есжанов Әкімқары, Өтелбеков Әуез, Сахов Арыстай, Абдуллаев Шәмші.

Оңтүстік Қазақстан облыс

 

Прокуроры                                                                             Б.С.Құлтасов

Артқа