Мадияр Молдалиев ақсақалдың жасы бүгінде тоқсанның табалдырығынан аттағанымен ойы да, бойы да сергек қалпында.
1940 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Георгиевка деген шағын ауылдағы мектеп-интернатты бітірген Мадияр Молдалиев небәрі он тоғызда болатын. Жас болса да болашаққа жаңаша көзқараспен қарап, биік мақсаттарға жетуді арман етіп, алға ұмтылған ол он сегіз жасынан бастап-ақ сол кездегі БК(б)П қатарына кандидаттыққа өтіп үлгерген еді. Жасы жиырмаға толғанда, 1941 жылы мамыр айында әскер қатарына алынып, Мәскеу түбіндегі 497-ші гаубица (атқыштар) полкіне жіберіледі. Онда бір айдай ғана уақыт оқу-жаттығудан өтер-өтпестен соғыс басталып кетті.
Осылайша ол Брянск бағытындағы қан майданның қызған ортасынан бір-ақ шығады. Соғыстың алғашқы айлары болғандықтан неміс-фашист басқыншыларының әуелдегі қарқыны тіпті жойқын болатын. Алғашқы ұрыстарда-ақ Мадияр Молдалиев қатысқан полктегі зеңбіректер істен шыға бастады, шындығын айтқанда, жаудың озық үлгідегі мотоатқыштар қаруы басымдық көрсетіп, қатер төндіріп-ақ тұрды. Өмір мен өлім жағаласқан, кескілескен ұрыстардың бірінде бұлардың полкінен небәрі жиырма шақты жауынгер ғана тірі қалады. Олардың өзінде де жауға төтеп беретін қару-жарақ жоқтың қасы еді. Аман қалғандарды дереу 16-шы айрықша жаяу әскер бригадасына қосады.
Сөйтіп, олар Дондағы Ростов қаласын немістерден азат ету үшін жүріп жатқан жан алып, жан беріскен қырғын соғысқа қатысады. Жау қанша екпіндеп, ажал төндіргенімен Мадияр Молдалиев құрамында болған рухы мықты бөлім әскерлерінің жігерін мұқалта алмайды. Бойларында Отанға деген зор сүйіспеншілігі бар қаһарман ұландар күші басым жауға жай оғындай атылып, оларды дүркірете қуып, қаланы азат етеді. Осылайша олар алғашқылардың бірі болып күллі кеңес армиясына рух беріп, ғаламат ерліктің үлгісін көрсеткен еді. Осы ұрыста оқыстан келіп жарылған жау снарядының жарықшағы тиіп, Мадияр ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. Әуелі Кисловодскідегі, сосын Еревандағы госпитальдан соң жарақатының ауырлығына байланысты Мадиярды елге қайтарады.
Елге оралған соң Мадияр Молдалиев бейбіт еңбекке бірден араласып, ауданда есепші, сосын бухгалтер болып жүреді. Біраз уақыт өткен соң кадрлар жөніндегі инспектор болып қызмет ете бастайды.
Адам өмірінде жақсы бір өзгеріс болайын десе әп-сәтте ғой. Тағдырдың бұйрығымен ол 1943 жылы Алматыға келеді. Өзіне бейтаныс үлкен қаланы қызықтап келе жатып, Чайковский көшесінің бір бұрышындағы ғимараттың маңдайшасынан Алматы мемлекеттік заң институты деген ірі жазуларға көзі түсе кетеді. Оқу-білімге деген арманы қайта оянған ол аталған жоғары оқу орнының есігін ашады. Осылайша Мадияр Молдалиев заң жолындағы алғашқы қадамын аттаған еді.
…1946 жылы Заң институтын ойдағыдай тәмамдаған ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгір ауданына прокурордың көмекшісі болып құқық қорғау саласындағы еңбек жолын бастайды. Институт қабырғасында алған білімін қызмет тәжірибесіне шебер қолдана білген азаматты 1949 жылы сол кездегі Талдықорған облысы, Андреев ауданының прокуроры етіп тағайындайды. Аз уақыттың ішінде-ақ өзін алғырлығымен білікті маман ретінде көрсете білгендіктен 1953 жылы Кеңес Одағы прокуратурасының бір жылдық мамандығын жетілдіру курсына шақырылып, Мәскеуде білім деңгейін көтеріп қайтады да, Қазақ КСР-інің прокуратурасына аса маңызды істерді тергейтін тергеуші ретінде қызметке тағайындалады. Бір жылдай уақыт тергеушілік қызметтің қыр-сырын игерген жас та алғыр азамат көп ұзамай Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып қызметке кіріседі. Осы қызметте табаны күректей сегіз жыл аса жауапкершілікпен қызмет етіп, мемлекеттің, заңның ұстанған қағидаттарына шын жүрегімен беріле еңбек етіп, әділдікті ту етіп ұстаған ол құқық қорғау саласында адалдықтың, кәсіби іскерліктің тамаша үлгісін көрсетіп, Қазақстан мемлекеті үшін аянбай тер төкті. Оның заң саласындағы қызметіндегі кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалады.
Ерен еңбегі мен заң әділдігін орнатуды үнемі бағдар етіп ұстанған ол қазақстандық прокуратура қызметкерлері арасынан бірнеше рет халық қалаулысы болып депутаттыққа сайланған.
Прокуратура ардагері Мадияр Молдалиевтің жасы бүгінгі таңда тоқсанға толып отыр. Ол тоқсанға келсе де ширақ қалпында. Әлі де көп оқиды, көп ойлайды, қайнаған өмірге деген құлшынысын бірде-бір кеміткен емес. Төрт ұл өсіріп, тәрбиелеп, олардан немере-шөбере көріп отырған абыройлы ақсақал. Көп көрген көп түйеді деген нақыл сөз Мадияр ақсақалға арналып айтылғандай. 1995 жылға дейін, яғни жетпіс бес жасқа келгенше Атырау облыстық прокуратурасында қызмет етіп, ұзақ жылдар құқық қорғау органына адал еңбегі сіңген ол бүгінгі тоқсанға келген шағында да іздену, кітап оқу, айналада болып жатқан өмір, қоғам құбылыстарына да өзіндік терең толғаммен ой түюден жалыққан емес. Осындайда “Ғасыр жасасаң ғасыр бойы үйрен” деген орыс мәтелі еріксіз есіңе түседі. Тоқсанға келгенше кәрілікке бой бермей, үнемі сергек күйде болуына әуелгі себеп – көлік атаулыға көп көңіл бөлмей, жаяу жүруді әдетке айналдырғаны болса керек. Өзі тұратын үйдің бесінші қабатына өздігімен еш қиналыссыз шығып-түсе береді. Әлемдегі тоқсан жасқа келгендер жарысын ұйымдастырса, Мадияр ақсақал қазақтың туын желбіретіп, әлемге қазақтың қандай екенін көрсетіп, маңдайы жарқырап, бас жүлдені алатынын сеніммен айтады. Оған біз де шүбәсіз сендік.
Жастайынан отызыншы жылдардың аштығы мен ел басына төнген нәубет жылдарды басынан кешіріп, одан соң сұрапыл соғыстың қан майданында оқ пен оттың арасынан аман шығып, соғыстан соңғы жылдардағы ауыртпалық тақсіретін тартса да Мадияр ақсақалдың қашан да рухы түскен емес. Қай кезде де тағдырдың тап келген қатал сынын қайыспай қарсы алып, қасқая қарап, еңсесін тік ұстап, тек алға қарай жүре білді. Сол тік тұлғалы қалпынан таймаған күйінде жүз деген ғасыр құрдасына қарай ширақ адымдап келеді.
Шаяхмет АЛЖАНБАЙ, журналист.
АЛМАТЫ.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






