Мақала №1
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл:
Прокуратура органдарының жетістіктері мен перспективасы
«Заң- Егеменді елдің сенімді қалқаны»
16 желтоқсан 2011 жылы Еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Осы 20 жылда еліміздің құқық қорғау саласында бірнеше күрделі реформалар жүргізіліп, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс қалыптастырылуда.
Осынау жылдар ішінде еліміз қандай жетістікерге жетті, қандай биіктерді бағындырды, алдымызда алар қандай асулар тұр дегенде тәуелсіздік тұғырындағы ұлы істерді өзім сол кезден бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан прокуратура органдарындағы түбірлі өзгерістер, жетістіктер арқылы азды-көпті жеткізгім келеді.
Бүкіләлемдік өркениет көшіне ілескен егемен еліміздің күн санап қарышты қадам басуы, алдыңғы қатардағы мемлекеттер қатарынан көрінуі көп жағдайда оның ішкі тұтастығына, әсіресе әлеуетті құрылымдарының қуаттылығына тікелей байланысты. Мемлекет тұғырының беріктігін сипаттайтын сондай салмақты мәселелерде заңдылықты бұлжытпай сақтап, заң бұзушылық фактілеріне жол бермей, қандай да болсын қылмыстың алдын алып отыратын прокуратура органдарының алатын орны ерекше.
Еліміз егемендік алып, өз жолымен дербес даму жолына түскен алғашқы кезде өтпелі кезеңдегі қалыптасқан жағдайды қалыпқа келтіріп, тізгіндеп отыру үшін құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратура үшін міндет ерекше болды. Сол кездегі саяси және әлеуметтік аласапыран, жекешелендірудегі жадағай үрдіс, заңдық негіздемедегі жетімсіздік, осылардан келіп шыққан қылмыс әлемінің бас көтеруі, сыбайлас жемқорлықтың етек алуы – осылардың бәрі прокурорлық қызметті қалыптасқан жағдайға орай басқаша қарап, қадағалау әдістерін басқаша құруды талап етті. Мемлекет пен қоғам аясында болып жатқан өзгерістерге сәйкес адам мен оның құқықтары ең жоғары құндылық ретінде алдыңғы орынға шыққан кезде адамдардың құқығын қорғау еліміздің прокуратурасы органдарының басты мазмұнына айналды.
Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде орнығу жолында прокуратура органдарының атқарған рольі зор. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мемлекет құрылымында құқық қорғау және сот органдары бәсекеге түсіп, әр ведомство өз мүддесін ойлап, билік пен өкілеттікті бөліске салып, бір кездері прокуратура органдарының қажеттігіне күмән келтірген саясаткерлерде де болды. Алайда, Ел басының тікелей қолдауымен жоғарғы қадағалаушы органның мемлекет пен халық үшін қажетті орган болып табылатынын өмір өзі дәлелдеді.
Тәуелсіз еліміздегі құқықтық қатынастарды реттейтін заңдар түгелдей қайта қабылданып, нарықтық экономикалық қарым-қатынастар мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты құқық қорғау органдары да қадамнан қалмай, елімізде заңдардың орындалуы мен азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде талапқа сай қызмет атқарып келеді.
Мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы жылдары еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағынан айтарлықтай нығаюы, құқықтық реформаның жасалуы, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық кодекстің Ерекше бөлімі және Азаматтық іс жүргізу кодексінің, басқа да кодекстер мен заңдардың жаңадан қабылдануы тәртіптілік пен заңдылықты нығайту жолында қолға алған бірқатар серпінді игі істердің нәтиже беруі, сайып келгенде прокуратура органдарының заңдылық жолындағы жұмыстарын тиімді де жоғары деңгейде жүзеге асыруға жол ашты.
Сондықтан да прокуратура жаңа қоғамдық қатынастарға сәйкес өзінің қалыптасу кезеңін қайтадан басынан өткерді десек қателеспейміз. Бұл жұмыстың нысаналы де жүйелі жүргізілуінің арқасында егеменді еліміздің прокуратурасы бүгінде өзінің жиырма жылдық белесінен лайықты көрініп отыр.
Тәуелсіздіктің жиырма жылындағы прокуратура жеткен жетістіктерге көз салсақ 1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды. Осы заң прокуратураның құқық қорғау қызметін жақсартуда оң әсер етті. Алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы және құқық демократиясының өріс алуы құқық жүйелерін қалыптастыруда жаңа ізденістерді талап ете бастады. Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда Елбасының Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталынды. Ол 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдуммен қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы- адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостанықтары» деп жарияланса, 83-бабында «Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау және жою жөнінде шаралар қолданады,сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда,тіртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады» деп белгіленген.
Осы жоғары міндеттерді орындау жолында прокуратура органдарының қызметкерлері уақытпен санаспай, аянбай қызмет атқарды. Адамдардың құқығын қорғау прокуратура органдары үшін басым бағытқа айналып, халықтың қалың бұқарасына, оның ішінде әлеуметтік қорғалуы әлсіз топтарға неғұрлым жақындатылды. Мұның өзі үлкен жетістік еді. Бұрынғы кеңес дәуірінде қарапайым халық “прокуратура, прокурор” десе үрейлене қарайтын. Бұл ұғым тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде мүлдем өзгерді, халық бүгінде прокуратураны қорғанышым деп біледі, бір жерден қиянат көрсе, алдымен прокуратураға келеді.
Халыққа жақын және қол жетімді орган ретінде прокуратура органдары барлық уақытта азаматтардың қорғаны, яғни құқық қорғаушы орган ретінде танылды. Құқық бұзушылықтың кімнен шыққанына қарамастан, заң алдында барлығы бірдей жауапты деген қағиданы ұстанған прокурорлар- тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлестерін қосуда.
Қазақстан Респбуликасы Президентінің «2010 мен 2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Жарлығында еліміздің құқық қорғау жүйесінің негізгі өзегі прокуратура органдары болып табылады деген байламы, яғни қылмыспен күресте және тәуелсіз мемлекетімізде заңның үстемдік құруында Елбасының прокуратура органдарына үлкен сенім артып отырғанын көрсетті.
Мемлекеттік бақылаудың қолданылып жүрген жүйесінде мемлекеттік басқаруға, экономика саласына, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, қоршаған ортаны қорғауда, тергеу және анықтау органдарында, жедел-іздестіру қызметінде, пенитенциарлық жүйеде заңдардың орындалуына объективті де өз ведомстволарынан тыс толық қадағалауды прокуратурадан басқа қамтамасыз етіп отырған орган жоқ.
Жиырма жыл ішінде еліміздің прокуратура органдары ел тәуелсіздігінің басты тірегіне айналды. Прокуратура органдары әруақытта да бастамашылық рөлімен көрініп, Елбасы атап өткендей заңдарды ізігілендіру аясында сот, құқық қорғау жүйесін әлемдік стандарттар межесіне көтеру мақсат-міндеттерінің орындалуына алдағы уақытта өз үлесін қоса бермек. Прокурорларға жүктелген қадағалау міндеттерінің бірі – қылмыстық қудалауды жүзеге асырушы органдардың анықтау мен тергеу қызметтерінің заңдылығына қадағалау жүргізу жайында тоқталғым келеді.
Өкінішке орай, біздің еліміздегі азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімсіз көзқарасы, олардың жинақтаған дәлелдеріне күмән келтіру, куәгерлер институты бүгінде түбегейлі өзгеріске ұшырауы тиіс.
Сондай-ақ, шамадан тыс қағазбастылық, прокурорлардың әкімшілік-басқару жүйесі алдындағы есепті бағыныштылығы, бюрократтық жүйе – прокурорларды тікелей міндетін орындаудан алаңдатады.
Соңғы уақыттары құқық қорғау органдарының қызметіне саралау жүргізіліп, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарына ізгілендіру бағытында өзгерістер енгізілуде. Бір қатар әрекеттер қоғамдық қауіпті болмауына байланысты қылмыстар санатынан алынып, әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатқызылды. Мысалы, денсаулықа қасақана жеңіл зиян келтіру, тұтынушыларды алдау, есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды сату мақсатынсыз көп мөлшерде заңсыз сақтау, тасымалдау немесе сақтау, жол көлік оқиғасы салдарынан адамның денсаулығына орташа дәреже зиян келтіру сияқты әрекеттер қәзір қылмыс болып саналмайды.
Осы тұрғыда құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін реттеу, олардың міндеттерінің ара жігін ажырату, бюрократтық кедергілерді жою, қағазбастылық пен адамдарды әуре-сарсаңға салуды болдырмау мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына да өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр.
Осындай нормалардың бірі –ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 23-1 тарауында көзделген сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі.
Бұл нормалардың негізгі мақсаты қылмыстық қудалауды қысқартылған тәртіпте жүргізіп, азаматтарды тергеу мен сот органдарына үздіксіз шақыруды жеңілдетіп, адамның кәнілі не кінәсіздігін сотта анықтау болып табылады.
Біз сот төрелігінің үстемдігін шыңдау үшін қылмыстық процеске қатысушыларды сот алдына барынша қысқа мерзімде апарып, олардың шешімін табуына мүмкіндік жасаумыз керек. Қалыптасқан тәжірибеде қылмыстық іс қозғағанға дейін тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғап, алдын ала тергеу жүргізіп, дәлелдемелер жинақтап сотқа апарамыз.Одан соң сотта сот тергеу басталып, қайтадан басынан бастап, қылмыс оқиғасын зерттейміз. Осы сатыларды қысқартып, тергеу органы жәберленушінің арызын және оның келтірген дәлелдерін қысқа мерзімде жинақтап, қылмыс жасаған адамның кінәлі-кінәсіздігін анықтау үшін іс-құжаттарын сотқа өткізуі тиіс. Осы сот процесінде тараптардың бәсекелестігі мен құқықтарына кепілдік бере отырып, сот ұсынылған дәлелдерді зерттеуге көшеді. Сараптама тағайындау, үлгілер алу, эксперимент өткізу т.б. қажетті тергеу әрекеттері сот процесі кезінде жүргізіліп, жиынтығымен әділ шешім қабылданатын болады.
Бұл құқық қорғау органдарының қажетсіз «алдын ала тексеру, тергеу» жұмыстарын қысқартып, олардың жүктемесін жеңілдетумен қатар, азаматтарды әуреге салудан арылтады.
Осы институтты одан әрі жетілдіріп, аса ауыр қылмыстардан басқа қылмыстар бойынша оны жасаған адам анықталған жағдайда іс-құжаттары сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен жүргізілуі тиіс деп санаймын.
Тәжірибеге келетін болсақ, 2011 жылдың 9-айында Қызылорда облысы көлемінде 4141 қылмыс тіркеліп, оның ішінде облыстық қылмыстық қудалау органдарымен ҚР ҚІЖК-нің 23-1 тарауының нормаларына сәйкес, яғни сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен барлығы 305 хаттама толтырылған. Бұл, барлық тіркелген қылмыстардың 7,37 пайызын ғана құраған.
Сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен толтырылған 305 хаттаманың 149-ы тергеу органымен, 156-ы анықтау органымен жүргізілген.
Аталған санаттағы қозғалған қылмыстық істердің 233-сі облыстағы ішкі істер органдарының үлесінде болса, 2-і (ҚР ҚК-нің 206-бабының 1-бөлігі және 184-бабының 1-бөлігі) облыстық қаржы полициясы органының еншісінде.
Сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібі қолданылған қылмыстық істерді қылмыс түрлеріне сараласақ: Олардың 205-і ұрлық, 21-і тонау, 12-і алаяқтық, 38-і бұзақылық, 3-і денсаулыққа орташа зиян келтіру, 3-і әйел зорлау болса, Қылмыстық кодекстің 137-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 145-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 145-бабының 2-бөлігімен – 5 қылмыстық іс, 176-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 184-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 185-бабының 1-бөлігімен – 2 қылмыстық іс, 206-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 251-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 251-бабының 4-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 259-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 262-бабының 1-бөлігімен – 2 қылмыстық іс, 271-бабының 1-бөлігімен – 2 қылмыстық іс, 287-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 325-бабының 3-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 327-бабының 2-бөлігімен – 1 қылмыстық іс, 351-бабының 1-бөлігімен – 1 қылмыстық іс.
Яғни, 2011 жылдың 9 айында сотқа дейінгі жеңілдетілген іс-жүргізу тәртібімен толтырылған 305 хаттаманың 205-і немесе 67,21% ҚР ҚК-нің 175-бабында көзделген ұрлық қылмыстары бойынша толтырылса, 38-і немесе 12,46 % ҚР ҚК-нің 257-бабында көзделген бұзақылық қылмыстыры және 21-і немесе 6,89 % ҚР ҚК-нің 178-бабында көзделген тонау қылмыстары бойынша толтырылып, қалған 41-і немесе 13,44 % ҚР ҚК-нің өзге бабында көзделген қылмыстар бойынша толтырылған.
Жаңадан енгізілген ҚР ҚІЖК-нің (бұдан әрі – кодекс) 190-3 бабының 2- бөлігіне сәйкес сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу хаттамасын тергеушiнiң жасауы не оны анықтау органы бастығының бекiтуi қылмыстық iстiң қозғалғанын және қылмыс жасаған адамның айыпталушы деп танылғанын бiлдiредi, ал кодекстің 190-1 бабының 2 бөлігінің талабына сәйкес сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң жеңiлдетiлген тәртiбi бұлтартпау шараларын қолдану қажет болған кезде қолданылмайды.
ҚР ҚІЖК-нің 139-бабында бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздері көрсетілген, оның ішінде айыпталушы анықтаудан, алдын ала тергеуден немесе соттан жасырынады, не iстi сотта объективтi зерттеуге және талдауға бөгет жасайды, немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган ол адамға осы Кодекстiң 140-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолданатыны көрсетілген.
Аталған заң талаптарына қарағанда сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу хаттамасының жасалуы (бекiтілуi) қылмыс жасаған адамның айыпталушы деп танылғанын бiлдiретінін ескерсек, кодекстің 139 бабындағы бұлтартпау шарасының қолданылатыны көрсетілген талабы бір-біріне қайшы келетіні байқалады.
Сондықтан, ҚР ҚІЖК-нің 139-бабын, сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу тәртібімен айыпталған адамдарға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмайтындығы жөнінде тармақпен толықтыру қажет деп санаймын.
ҚР ҚІЖК-нің 190-1 бабының талабына сәйкес ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша, егер жинақталған дәлелдемелер арқылы қылмыс фактiсi және оны жасаған адам белгiлi болса, ол адам дәлелдемелерге, өзiнiң кiнәсiн келтiрiлген зиянның сипаты мен мөлшерiне дау айтпай мойындаған жағдайда, осы тараудың баптарында белгiленген алынып тасталатындарды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы ережелерi бойынша сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні, қылмыстық процесте сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу тәртібін қолдану тиімді екендігі анық, осыған байланысты, қылмыс жасағандығы жөнінде жеткілікті дәлелдемелер жинақталғанымен тұлға өз кінәсін мойындамаған жағдайда да оған қатысты сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу тәртібін қолдануды қылмыстық заңнамаға енгізу қажет деп есептеймін.
Бұл жағдайда, өз кінәсін мойындамаған адамға қатысты толтырылған сотқа дейiнгi жеңiлдетiлген iс жүргiзу хаттамасын зерделеп, процессуалдық шешім қабылдау прокурордың құзыретіне жатқызған жөн.
Жалпы, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруда барынша тергеуге дейінгі тексеру және алдын ала тергеу жұмыстарын қысқартып, аса ауыр қылмыстардан және күдіктіні қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабы негізінде ұстау қолданылған жағдайдан басқа істер бойынша, егер қылмыс фактісі мен оны жасаған адам белгілі болса, ол адамның дәлелдемелер мен өзінің кәнісінен келтірілген зиянның сипаты мен мөлшеріне дау айтқанына қарамастан, жинақталған дәлелдемелерді прокурор жеткілікті деп тапқан жағдайда сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу тәртібін енгізген дұрыс деп санаймын.
Қызылорда облыстық прокуратурасының тергеу мен анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы аға әділет кеңесшісі Әбдікәрім Абдуллаев
Бұл мақала Бас прокуратураның ведомствалық «Заң және Заман – Закон и время» журналында (№10,2011 жылы), республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінде (07.11.2011 ж. №31), «Самала» газетінде (04.11.2011 ж. №43), облыстық «Ақпарат kz» газетінде (14.10.2011 ж. №40) жарияланған
Мақала №2
Тәуелсіздік – ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген
асқақ рухының жеңісі
Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Қазақстан тәуелсіздігі – ең алдымен ұлтымыздың ежелден бостандыққа деген асқақ рухының жеңісі.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жатқан жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен-ақ құқықтық мемлекет құру идеясын қабылдады. Құқыққа мойынсұнып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп қойған мемлекет осылай сипатталады.
Ұлттық құқық жүйесін дамытып, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция содан бергі мерзімде елімізде экономикалық және әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асырып, қоғамды демократияландыру ісінде өзінің жасампаздық әлеуметімен Қазақстан халқына қызмет етіп келеді.
Егемен еліміздің жаңа негізгі заңының қабылдануы жаңа мыңжылдық табалдырығында Қазақстан тарихындағы атаулы оқиға болып, тәуелсіз мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа сатысына негіз салды. Тап осы Конституцияны ел тарихындағы идеялар көрініс тапқан, әрі халықаралық деңгейге сай биік межедегі заң деуге толық негіз бар.
Ата Заңның басты мақсаты - адам құқығын қорғау десек, прокуратура органдарының қадағалау қызметіндегі басты міндеттердің бірі–адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Оның ішінде, қылмыстық қудалау тәртібімен ұсталған, қамауға алынған және сотталған адамдардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілуде.
Өз жолымен дербес даму жолына түскен алғашқы кезде өтпелі кезеңдегі қалыптасқан жағдайды қалыпқа келтіріп, тізгіндеп отыру үшін құқық қорғау органдарының, оның ішінде прокуратура үшін міндет ерекше болды. Сол кездегі саяси және әлеуметтік аласапыран, жекешелендірудегі жадағай үрдіс, заңдық негіздемедегі жетімсіздік, осылардан келіп шыққан қылмыс әлемінің бас көтеруі, сыбайлас жемқорлықтың етек алуы – осылардың бәрі прокурорлық қызметті қалыптасқан жағдайға орай басқаша қарап, қадағалау әдістерін басқаша құруды талап етті. Мемлекет пен қоғам аясында болып жатқан өзгерістерге сәйкес адам мен оның құқықтары ең жоғары құндылық ретінде алдыңғы орынға шыққан кезде адамдардың құқығын қорғау еліміздің прокуратурасы органдарының басты мазмұнына айналды.
Сондай-ақ, биыл Қазақстан Республикасының Прокуратурасының 20 жылдығымен еліміздің асқақ мерекесі тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Құқықтық мемлекет ретінде орнығу жолында прокуратура органдарының атқарған ролі зор.
Прокуратура органдарымен жыл сайын елімізде жоғары заңдылықты қадағалауда, заң бұзушылықты болдырмауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Прокурорлық тексерулер нәтижесімен мыңдаған заңсыз актілердің күші жойылып, мыңдаған азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалуда, қалпына келуде.
Сөзімді қорытындылай келе, барша қазақстандықтарды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен және әріптестерімді мерейлі мерекелері – Прокуратура Күніне 20 жылдығымен құттықтаймын. Қызметтеріне жеміс, отбастарына амандық тілеймін.
Қызылорда облыстық прокуратурасының
басқарма аға прокуроры
Сырым Ахметов
Республикалық «Табиғат тынысы» газеті (11.11.2011 ж. №44) және облыстық «Ақпарат KZ» газетінде (11.11.2011 ж. №44) жарияланған
Мақала №3
Тәуелсіздік және прокуратура
Тәуелсіздікпен түлеп, жаңғырған
прокуратураның 20 жылдық шежіресі
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қадағалаушы орган - прокуратура тарихында жаңа парақтар ашылды. Осыдан 20 жыл бұрын 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тарихи қаулысы шығып, аталған қаулымен 74 жыл бойы Мәскеуге бағынып келген Қазақ КСР прокуратурасы КСРО прокуратурасынан бөлінді. Дербес Қазақ елінің Бас Прокурорына бағынатын прокуратура органдарының біртұтас жүйесі құрылды. Міне, Қазақстан прокуратурасының бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінің барлығы да осы тарихи күннен бастау алады десе болады. Осынау жылдар ішінде жоғары заңдылықты қадағалаушы орган қызметінің тиімділігі едәуір артты, жаңаша мазмұнға ие болды. Оны әрбір жүріп өткен жолдар шежіресінен көруге болады.
1994 жылғы мемлекеттік бағдарлама прокуратура органдарын реформалаудың негізгі прициптерін жасады. Ол өз кезегінде 1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің Конституциясында нақтыланып, соған сәйкес осы жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының прокуратура органдары туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.
Осы негізгі заңдар арқылы прокуратура тікелей Қазақстан Республикасы Президентіне есеп беретін, мемлекет атынан республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де құқықтық нормативтік актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асыратын, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданатын, сондай-ақ Республика Конституциясы және заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық келтіретін, сотта мемлекет мүддесін білдіретін, сонымен қатар заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асыратын болды. Ата заңымыз арқылы прокуратура алғаш рет ҚР Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдарға наразылық келтіру құқына ие болды. Ата Заңға сәйкес Үкімет пен түрлі ведомстволардың мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары қабылдаған құқықтық актілердің заңдылығына да тұрақты түрде назар аударып отырады. Мұндай құқықтар Ресей прокуратурасында да жоқ деуге болады.
Ел Конституциясы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда құқықтық саланың орнықты және Негізгі Заңның тұрақты болуына қосымша кепілдеме беру арқылы прокурорлық қадағалаудың рөлін нығайтты. Осы жылдар ішінде прокуратура органында жедел-іздестіру қызметін қадағалау, сот процестеріне прокурорлардың толық қатысуы, сот орындаушылық қызметіне қадағалау жүргізу сияқты жаңа қадағалау институттары енгізілді және бұларды прокуратура бүгінгі таңда ойдағыдай жүзеге асыруда.
Жүріп өткен жиырма жыл ішінде адам және оның конситуциялық құқығы мен бостандығын қорғау прокурорлық қорғаудың ең басты объектісіне айналды. Қазіргі таңда прокурордың ерекше шаралар қолдануы арқылы заңдылықтың бұзылуына тосқауыл қойылып, ондаған мың жұмысшылар мен қызметшілердің, зейнеткерлер мен кәмелетке жасы толмағандардың, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары бұл Конституцияда көрсетілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етудегі прокурорлық қадағалаудың пәрменділігі мен тиімділігінің айқын куәсі дер едім. Бұған көптеген дәлелдер келтіруге болады.
Мысалы, Қызылорда қалалық прокуратурасымен 1991 жылғы және 2011 жылғы заңдылықты қадағалаудағы жұмыстар көрсеткішін алайық. Осыдан жиырма жыл бұрын Қызылорда қалалық прокуратурасымен 536 азаматтың өтініші қаралып, оның 350-і шешімін тапса 2011 жылдың 10 айында 2280 азаматтың өтініші қаралып, оның 1147-і шешілген. Прокурорлардың соттарда азаматтық істерге қатысуы аталып отырған кезеңде 381-ден 1528-ге, қылмыстық процестерге қатысуы 188-ден 703-ке ұлғайған. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты тексеруде 1991 жылы 70 заң бұзушылық анықталып, қадағалау актісімен 89 лауазым иесі жазаланып, прокуратурамен мемлекет қазынасына 18600 сом өндірілсе, үстіміздегі жылдың аталған мерзімінде прокурорлық тексерулермен 7460 заң бұзушылық анықталып, 1236 лауазым иесі жазаланған. Прокуратураның талабымен мемлекет қазынасына 1 миллиардтан астам қаражат өндіріліп, құйылған. Міне, осы көрсеткіштерден прокуратура органдары жұмысының қаншалықты ұлғайғандығын және азаматтардың әділдікті орнықтыруда қадағалау органына жақындай түскенін айқын көруге болады.
Жалпы қоғамда құқықтық кеңістіктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған және белгіленген нормалар мен ережелерден ауытқуларға жедел шара қолданатын, жалпыға бірдей гуманистік қағидаларға жауап беретін арнайы мемлекеттік органның болу қажеттілігі өмір талабы десек бұл міндетті бүгінде прокуратура ойдағыдай атқарып отыр. Мемлекеттік бақылаудың қолданылып жүрген жүйесінде мемлекеттік басқаруға, экономика саласына, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, қоршаған ортаны қорғауда, тергеу және анықтау органдарында, жедел-іздестіру қызметінде, пенитенциарлық жүйеде заңдардың орындалуына объективті де өз ведомстволарынан тыс толық қадағалауды прокуратурадан басқа қамтамасыз ететін орган жоқ.
Өткен кезеңдер ішінде, прокурорлардың ықпал ету актілері мен заңды талаптарының орындалуының міндеттілігі қамтамасыз етілді, оларды мәжбүрлеп орындату механизмі айқындалды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтардың прокурорлық қадағалаудың заңды талаптары мен актілерін орындамағаны үшін жауапкершілігі күшейтілді. Осындай тегеурінді механизмдер арқылы прокурорлық қадағалау жүйесі едәуір нығайды.
Бүгінгі кезеңдегі прокурорлармен жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың, бүкіл қоғамның көз алдында. Ашықтық, төзімділік, әріптестік принциптері прокурорлардың негізгі жұмыс тәсіліне айналуда. Олай дейтінім елде, қоғамда, аймақта заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда прокуратура барлық мемлекеттік органдардың күшін біріктіретін үйлестіруші функцияны ойдағыдай жүзеге асыруда. Жоғары қадағалаушы орган тікелей жетекшілік ететін құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің ролі де жылдан жылға артып, заңдық базасы нығая түсуде. Құқық қорғау органдары арасындағы өзара түсініктік бір ғана бағыт – барынша жұмыс тиімділігіне жетуге жұмсалуда. Өзінің жиырма жылдық қызметінде прокуратура осылайша қайта жаңғыруларды, жаңаша өрлеулерді бастан кешірді. Осылайша қоғамда, мемлекетте заңның үстемдігін орнатудағы басты міндетін лайықты атқара алған прокуратура бүгінде еліміздің басты құқық қорғау органына айналды.
Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында прокуратура органдарымен заңдылықты сақтауда жүргізілген ауқымды жұмыстарды мақтанышыпен айта аламыз. Әсіресе, тәуелсіздіктің елең-алаңында бар тәжірибесін сарқа жұмсап, елде заңдылықты нығайтуда қажыр-қайратын аямаған, адал қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан алдыңғы толқын ағаларымыз - прокуратура ардагерлерін сондай-ақ, қызметтес әріптестерімді және барша ел егемендігінің 20 жылдық мерекесімен құттықтап береке-бірлік, тыныштық, қажырлы еңбектеріне толағай табыстар тілеймін.
Қызылорда қаласының прокуроры
Асқар Махамбаев
Республикалық «Заң газеті» басылымында 16.12.2011 жылы №186, «Құқықтық Қазақстан» газетінде 27.08.2011 жылы №24, «Табиғат тынысы» газетінде 17.06.2011 жылы №9 және облыстық «Сыр дидары» газетінде 15.12.2011 жылы № 23 жарияланған
Мақала № 4
Азаттық жылдары
Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейміз. Елбасы Жарлығымен 2011 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жарияланды. «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» бұл ел мерейтойының ұраны болмақ. Тәуелсіздік күнін атап өту кездейсоқ емес.
1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстанның Жоғары кеңесі республиканың тәуелсіздігі туралы Заң қабылдаған болатын. КСРО тарағаннан кейін Қазақ советтік социалистік Республикасы соңғылардың бірі болып өз егемендігін алды. Бұл құжат тәуелсіз мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалады және осы уақыттан бастап, оның жаңа тарихы басталды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Заң қазақ ұлтының өзін –өзі билеу құқығын нақтылап берді. Мемлекетіміз азаматтардың еркіндігі мен құқығы сақталған азаматтық қоғам құруға нық сеніммен жол тартып келеді.
Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде еліміз тарих беттерінде аз болса да, оның қарышты дамуына қарап отырып, осыдан 20 жыл ьұрын талданған бағыттың дұрыстығын көреміз. Қазақстан өзінің мемлекеттілігін құрған, даму бағытын айқындаған, ұлт тәуелсізідігінің негізін қалаған және нығайтқан, ел аймағының тұтастығын қамтамасыз еткен және шекарасын айқын бекіткен, экономикасын еркін нарықтық даму жолында қалыптастырған ел.
Бүгінгі күні Қазақстан халықаралық алаңда танымал деп сенімді түрде айта аламыз.
Президенттің Қазақстанхалқына арнаған жарқын және есте қаларлық алғашқы Жолдауы 1997 жылдың күз айында жасалды. Экономикалық күшімізді нығайту процесі сол жолдаудан басталды. Бұл «Қазақстан 2030» еліміздің өркендеуінің ұзақ мерзімді стратегиясы.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шараларымен жүзеге асуы тиіс құқықтық идеялары мен принциптерін одан әрі іске асыру мақсатына Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 28-тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы қабыланды.
Сыртқы саясатта да Қазақстанның жеткен жетістіктері аз емес. Мемлекетіміздің ұлттық әл-ауқатының деңгейі бойынша дүниежүзі елдерінің рейтінгісінде дамыған 110 ел арасынан 50 орынға тұрақтады. Бұл аз ғана уақыт ішінде асқан асуларымыздың бірі болып саналады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еуропадағы Қауіпсіздік жіне Ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі – 20 жылғы жетістігіміздің тамаша көрінісі. Өйткені, еліміздің тек ТМД елдерінің ішінен ғана емес, сонымен қатар саяси салмағы мығым Азия елдерінң арасынан тұңғыш болып мұндай беделді ұйымға басшылық етті. Тамыры тереңге жайылған қазақ тарихында бұрын-саңды 56 елдердің басшылары мен халықаралық ұйымдарыдың өкілдері біздің жерімізде бас қоспаған еді. Әрі саммит нәтижесінде қабылданған Астана декларациясының халықаралық бейбітшілікті сақатуға үлкен маңызға ие болатындығы сөзсіз.
Сондай-ақ, елбасы прокуратура органдарына құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіруші фцнкциясын күшейту, прокурорға қылмыстық қудалаудың заңдылығын, оның ішінде қылмыстық істің қозғалуын қадағалау жөнінде қосымша міндеттер жүкеу арқылы оның сотқа дейінгі іс жүргізуде рөлі мен жауапкершілігін арттыру міндеті тапсырылды.
Жасымызға, ұлтымызға, саяси, діни және идеологиялық танымымызға атқаратын қызметіне қарамастан, заң қағидаларынан ауытқымай, нормаларын бұлжытпай орындау Қазақстанның гүлденуі мен игілігін еселеу жолындағы табысымыздың кепілі.
Қызылорда қаласы прокуроры
Асқар Махамбаев
Республикалық «Заң және Заман-Закон и время» журналы № 6, 2011 жылы және республикалық «Табиғат тынысы» газетінде 17.06.2011 жылы № 9 жарияланған







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






