Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

Мақала №1

Прокуратура – заңдылықтың басты нышаны 


Прокуратура органдарының негізгі қызметін айқындаған ҚР Конституциясының талабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады делінген.

Қазіргі уақытта тиімді прокурорлық қадағалау қоғамның барлық салаларындағы заңдылықтың қамтамасыз ететін ықпалды құрал ретінде танылған.

Мысалы, Сырдария аудандық прокуратурасымен әлеуметтік экономикалық салада заңдылықты қадағалау саласы бойынша 2011 жылдың 10 айында жүргізілген 79 тексерумен, барлығы 1289 заң бұзушылық деректері анықталған. Прокуратурамен  енгізілген ықпал ету актілерімен 133 адам әр түрлі жауапкершілікке тартылған.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау құқық қорғау органдарының негізгі бағыттарының бірі болғандықтан, аудандық прокуратура тарапынан аталған бағытта бірқатар қызметтер атқарылуда.

Нақтылағанда, аудандық прокуратурамен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында құрылған мобильді топтың жұмысы да қарқынды жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 10 айында мобильді топтың сенім телефонына кәсіпкерлерден түскен шағымдарға сәйкес, мобильді топпен 3 тексеру жүргізіліп, аудандық прокуратурамен енгізілген ықпал ету актілерінің қаралу қорытыңдысымен кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.     

Мысалы, мобильді топтың сенім телефонына 2011 жылдың шілде айының 15 жұлдызында Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде орналасқан жеке кәсіпкер  «Рахат» кафесінің иесінен АІІБ-нің қызметкерлерімен заңсыз тексеру жүргізілгендігі туралы хабарламасы 15.07.2011 жылы №1 реттік санымен тіркелген.

Хабарлама негізінде, мобильді топ мүшелерімен тексеруде жеке кәсіпкердің иелігіндегі «Рахат» кафесіне 15.07.2011 жылы АІІБ-нің учаскелік полиция инспекторлары Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тұрғынының арызына сәйкес, «Рахат» кафесінің жазғы алаңында  түнгі уақытта би кештері мен әуен дауыстары тыныштығын алғаны үшін арнайы тіркеуден өтпей тексеру жүргізген.

Құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау болса, аудандық АІІБ-нің полиция инспекторымен аталған міндеттер тексеру жүргізу барысында керісінше орындалып, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзылуына әкеп соққан.

Осыған сәйкес аудандық прокуратурамен АІІБ-нің бастығының атына заң бұзушылықты болдырмау туралы ұсыныс енгізіліп, оның қаралу нәтижесімен АІІБ-нің УПИ-на тәртіптік шарасы көрілген.

Аудандық прокуратурамен ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарының сақатулына ағымдағы жылдың 10 айында жүргізілген 14 тексерумен, 11 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Көп жағдайларда, сыбайластыққа жол берудің негізі, заң талаптарының дұрыс білмеуден орын алуда. Дегенмен, заң талаптарын білмеу, жауапкершіліктен бостапайтындықтан, білместіктен туындаған құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтар міндетті түрде тиісті жауапкершілікке тартылуда.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау саласында заңдылықтың жағдайы жүйелі түрде талдануда.

Осыған сәйкес, аудандық прокуратурамен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында ағымдағы жылдың 10 айында, 4 тексеру ұйымдастырылып, 22 заң бұзушылық анықталып, енгізілген ұсыныстың нәтижесімен 5 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Мысалы: ҚР Үкіметінің 22 қаңтар 2008 жылғы №40 қаулысымен бекітілген «Жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу, егу, жұмыс сапасын жақсарту туралы» Ережесінің талаптарына сәйкес, 2 айлық, 4 айлық сәбилерге пента (АДСМ), 3 айлық сәбилерге тетра қарсы қарсы вакциналар салынуға тиіс делінген.

Алайда, сәбилердің даму тарихы кітапшасы мен тіркеу журналдарын тексеру барысында, сәбилерге аталған вакциналардың өз уақытысында егілмейтіндігі анықталды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 3 қарашадағы №511 бұйрығымен  2010-2011 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған «Дінтану негіздері» үлгілік білім беретін оқу бағдарламасы қайта бекітілген. Аталған бұйрыққа сәйкес, курстың көлемі оқу жылына 34 сағат болып бекітілген. Сонымен қатар, «Дінтану негіздері» курсын міндетті түрде тарих, құқық пәндерінің мұғалімдері өткізуі қажет және мүмкіндігінше мектептегі жоғары санатты мұғалімнің өткізгені орынды делінген.

Алайда, аудандық білім беру мекемелерінің ішінде, Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде орналасқан  №36 мектепте «Дінтану» пәнінен орыс тілі мұғалімі сабақ жүргізітендігі анықталып аудандық прокуратурамен, заң бұзушылықты болдырмау туралы аудандық білім беру бөліміне ұсыныс енгізіліп, нәтижесімен заң бұзушылық жойылды.

Жоғарыда айтылған мысалдар мен статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, аудандық прокуратурамен әлеуметтік экономикалық салада азаматтардың конституциялық және еңбек құқықтары жіті бақылауға қойылғандығы көрінеді.

ҚР Конституциясының 1 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екндігін есте сақтай отырып, аудандық прокуратура аудан халқының мүддесін қорғау бағытында аянбай еңбек ететіндігіне уәде бере келе, Қазақастан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтой қарсаңыңда, прокуратура органдарына өзінің саналы өмірін арнаған ардақты ардагерлерімізбен бүгіндегі прокуратура саласындағы әріптестерімді кәсіби мереке 6 желтоқсан ҚР Прокуратурасы күнімен шын жүректен құттықтайды. 


Қызылорда облысы, Сырдария ауданы

прокурорының көмекшісі                                                                                       

Асхат Әбіләзім 

 

Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде (26.11.2011ж. №99) жарияланды


Мақала №2

 Заңдылық пен құқық қадағаланады

 

Ағымдағы 2011 жылы еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырын тіктегеніне 20 жыл толғалы отыр. Бұл – тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы осы күнге дейінгі ең атаулы оқиға. Ата-бабаларымыздың аманаты – азаттығымызға қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға, етек-жеңімізді жинап, әлемнің азулы елдерімен терезесі тең мемлекет құрғанымызға да, міне, жиырма жыл уақыт толғалы тұр. Жиырма жыл – тарих тезінен қарағанда, көп уақыт емес. Алайда, осы бір жиырма жылдың біздер үшін – тәуелсіз Қазақстанның азамат­тары үшін қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті.

Осы жиырма жыл ішінде еліміз еңселі мемлекет болып қалыптаса алды. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңестіретін, тіпті, кей тұстарда олардан озық тұратын дәре­жеге жеттік. Біз қолда тұрған ядролық қарудан бас тарттық, сол арқылы әлем елдеріне, әсіре­се, азулы алпауыт державаларға үлгі-өнеге көр­сет­тік.

Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздің экономикасы да аяғынан нық тұрып, ілгері басты. Бір емес, бірнеше дағдарысты басынан ке­шірсе де, экономикамыз қарыштап даму қар­қынынан танған емес. Қазір еліміз дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне қадам басты. Бұл тұста ел болашағына бағытталған бірқатар маңызды бағдарламалардың қабылдануы – келешекке деген сенімімізді нығайта түсті. Атап айтсақ, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарлама­лары ел эконо­ми­ка­сын бұдан да ілгері дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруды көз­дейді.

Соңғы жиырма жыл ішінде еліміз жеткен осын­дай жетістіктерді жі­ліктеп жаза беруге бір ма­қала түгілі, бір кітаптің кө­лемі де жетпейтіні анық. Бұл жерде айтқым келгені – біздер жеткен жетістік­терімізге мақтанып қана қой­май, сол нәтиже­лері­мізді бағалай білуіміз ке­рек, тәуелсіздіктің біздерге тарту еткен мүм­кіндіктерін уысымыздан шығарып алмау үшін барлығымыз бір кісідей жұмыла білуіміз керек.

         Осы тәуелсіздік алған жылдар ішінде прокуратура органдарымен мемлекеттік құқықтық саясатты жетілдіруге және заңдылықтың басты қадағалауын жүзеге асыруда үлкен жұмыстар атқарылуда.

         Нақты айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына, заң бұзушылықтарды болдырмауға пәрменді жұмыстар атқаруға қолайлы жағдайлар жасау прокуратураның басты назарына алынған.   

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабында Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының міндеттері айқындалған. Заңдылықты сақтау, адамдар мен азаамттардың конституциялық құқықтарын  қорғау, мемлекеттік органдардың қызметін, сот қаулылардың заңдылығын, және оның орындалуын қадағалау, тергеу мен анықтаудағы заңдылықтың сақталуын назарда ұстау, сыбайлас жемқорлықпен күресу тәрізді басқа да жауапты міндеттерді орындау прокуратура органдарының күнделікті қызметіне айналды. Прокуратура мемлекет атынан Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығынжоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау және жою жөнінде шаралар қолданады.

Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді, заңмен белгіленген жағдайда, тәртіптік және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады. Прокуратура азаматтардың шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне , тіліне, дінге қатысына, көзқарасына, жұмысының түрі мен сипатына және басқа жағдайына қарамай, олардың құқығы мен еркіндігін қорғайды. Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген республиканың егеменді құқығына, оның саяси және экономикалық жүйесіне қол сұғудан қорғайды. Ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорынедардың бағыныштылығына, тәуелсіздігіне және меншік түріне қарамай, олардың құқығын қорғайды, лауазымды адамдар мен азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтереді.

         Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап прокуратура органына өз үлестерін қосып аудан прокуроры қызметтерін атқарған Ертілеу Жалғасбаев, Күмісбай Қосекеев, Бақытжан Бұйраев, (марқұм Аралбек Аймағанбетов), Исабек Махшатов, Әбдікәрім Абдуллаевтардың кейінгі жастарға берер тәрбиесі мол.

         Тәуелсіздік алғаннан бері 20 жыл ішінде елімізде айтулы өзгерістер болып, мемлекетіміздің қалыптасып дамуына, орасан зор істер атқарылуда.

         Осы негізде құқықтық мемлекет құру прокуратура органдарына бүгінгі таңдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуына тікелей байланысты. Бас Прокурор басшылығымен бекітілген салалық бұйрықтар мен нұсқаулардың талаптарын орындау аудандық прокуратураның басты назарында. Заңдардың, ҚР Президентінің Жарлықтарының, басқа да нормативтік актілердің тура және бірегей қолданылуын жүзеге асыру барысында аудандық прокуратура барлық құқық қорғау және мемлекет органдарымен бірлесіп аудан көлеміндегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті бекіту жөнінде прокурорлық қадағалау тиімділігіне қол жеткізді.

         Ағымдағы жылдың 4 айында аудан прокуратурасының заңдылықтарды қадағалау нәтижесімен біршама заң бұзушылықтар анықталып,олар бойынша прокурорлық ықпал ету актілері қолданылып,заң бұзушылықтар дер кезінде жойылды.Аудандық прокуратурамен мемлекеттік органдардың заңдылығын қадағалау саласы бойынша 14 рет тексеру жұмыстары жүргізілді.Тексеру қорытындысымен 1487 заң бұзушылықтар анықталып, заңсыз актілердің күшін жою, бұзылған құқықты қалпына келтіру және кінәлі лауазым иелерін заңда белгіленген тәртіппен, жауаптылығын шешу мақсатында 7 наразылық беріліп, 17 актінің күші жойылды. Сонымен қатар заң бұзушылықтарды жою туралы 27 ұсыныс келтіріліп, 20 адам тәртіптік, 1 адам әкімшілік, 3 адам материалдық жауапқа тартылды, 877 адамның конституциялық құқықтары қорғалып, 11 жеке және заңды тұлғаларға заң талаптары түсіндірілді.

       Аудандық прокуратурамен экономикалық сала бойынша 1 қылмыстық іс, кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғайтын заңнамаларды бұзғаны үшін 1 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Прокурорлық ықпал ету актілері арқылы 150112 теңге мемлекет пайдасына өндірілген.

Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары аудандық прокуратураның үнемі қадағалауында.

       Аудандық прокуратурамен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы»Заң талаптарының 2 рет тексеру жүргізіліп, 23 заң бұзушылықтар анықталып, оның қорытындысымен 5 ұсыныс келтіріліп, нәтижесімен 3 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 заң түсіндіру беріліп, 135721 теңге мемлекет  пайдасына өндірілді.

  Жалпы еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт аралығында елімізде құқықтық мемлекет қалыптасу үрдісінде, демократияны дамытуда, құқық тәртібін бекіте түсуде прокуратураның рөлі артып, беделі айтарлықтай өсті. Бұл оның заман тынысын тап басып, заң талабын орындаудағы, еліміздің өркендей түсуіндегі лайықты үлесін айғақтайды.

 

Қызылорда облысы, Арал ауданы

прокурорының көмекшісі                                               

Серік Жетпісбаев

 

 Арал аудандық «Толқын» газетінде (01.06.2011ж. №44) жарияланған 

 

Мақала №3

 Прокуратураның 3 кезеңі

 

Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарының қалыптасуымен дамуын негізінен үш кезеңге бөліп айтуға болады.

Қазақстанда прокуратура органдарының құрылуы, Кеңестік кезеңі және егеменді Қазақстан Республикасының прокуратурасы. Қазақстан прокуратурасы 1922 жылдың 13  шілдесіндегі 2-ші шақырылған Қазақстан Орталық Атқару Комитеті 3-ші сессиясы шешімінен бастау алды, содан кейін Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Қазақ АССР-нің Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітілді.

Прокуратураның дамуының екінші кезеңінде яғни, 1933 жылы прокуратура органдарының құзырына қосымша өкілеттіктер берілді. Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, тарихында тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлініп, дербестік алды.

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің конституциясын қабылдады, бұл оқиға республика үшін де тарихи маңызға ие болды, соңынан Қазақ автономиялы республикадан одақтық республикаға айналып, КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет болды. Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады.

Осы сәттен прокуратураның дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталды, Әділет халық комиссарынан прокуратура толық бөлінді. Республика құқық қорғау органдарының көшбасшысы ретінде жұмыс жасай бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш прокуроры болып Сүлеймен Есқараев тағайындалды.

Осы орайда, С.Есқараевтың Сыр елінің перзенті екендігін 1997 жылы оның туғанына 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бас прокуратура жанындағы прокуратура органдары кадрларының кәсіби деңгейін көтеру Институтына С.Есқараев есімі берілгендігін мақтанышпен айтуға болады.

Прокурорлық қадағалаудың онан әрі дамуы мен прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігімен тығыз байланысты. Егемендік алған күннен бастау алады. 1991 жылы 6-шы желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас прокурорына бағытынан бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.

Прокуратураның мәртебесі 1995 жылы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, прокуратура органдарының өкілеттігі мен міндеттері мемлекетіміздің дамуына негізделді. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап, мемлекеттік органдар жүйесіндегі ерекше орган ретінде мәртебесін белгілеп берді. 

Сөйтіп, прокуратура Республикамыздың мемлекеттік органдары жүйесіне өзінің конституциялық орны бекітілді. 

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы

прокурорының орынбасары

Қуаныш Болатбеков

 

Республикалық «Ақмешіт ақшамы» газетінде (22.11.2011 ж. №47) жарияланған 

 

Мақала №4

 Қазақстан Республикасы Прокуратурасы органдарының құрылуының 20 жылдығы мерекесіне байланысты 

         «СЫНДАРЛЫ СЫНДАРДАН ӨТКЕН ОРГАН»

 

1922 жылы 13 шілдеде Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласында Қазақ АССР Кеңестерінің 2-ші шақырылған 3-сессиясында «Прокурорлық қадағалау туралы» Ереже бекітілген болатын. Осы ережеге сай 1923 жылдың басында республикада прокуратура органдары құрылып, жұмыс істей бастады. Прокуратурада жалпы қадағалау және Саяси Басқармасының органдары қызметтерін қадағалау жұмыстарын жүзеге асыратын екі бөлім болды.

Архивтік құжаттарға қарағанда 1922-1924 жылдары бізде облыстық, 1924-1928 жылдары губерниялық, 1928-1930 жылдары округтік және аудандық прокуратуралар жұмыс істеген. 1924 жылы Республикада 87 губерниялық прокуратура болған.

Республика Прокуратурасы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің Президиумына есеп беріп отырған.

Ал 1931 жылы округтер жойылып, аудандастырудың жаңа әкімшілік жүйесі қалыптасты да, Прокуратураның төменгі буындары болып аудандық прокуратуралар саналды. 1933 жылы одақтық прокуратура құрылып, Республика Прокуратурасы тікелей соған бағынатын болды. КСРО-ның Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1936 жылғы шілдедегі 1 қаулысына сай барлық  прокурорлық тергеу органдары Әділет Халық Комиссариатынан алынып, Одақтық прокуратура құрамына енгізілді. Осыған байланысты  Қазақ АССР Прокурорын Одақтың Бас Прокуроры, ал төменгі прокурорларды республика прокуроры тағайындаған. Сол жылы Республикамыз Одақтық Республикаға айналды да, Қазақ КСР прокуратурасы болып аталды. Дербес республика есебіндегі тұңғыш прокурор жерлесіміз Сүлеймен Есқараев болды.

1991 жылы еліміздің тәуелсіздік алуына орай, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы да өз дамуының жаңа тарихи кезеңіне көшті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 83 бабына сай, «Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық келтіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады».

Байқоңыр қалалық прокуратурасының да тарихы Байқоңыр ғарыш кешенінің іргесі қаланған кезден бастау алады.

1938 жылдары яғни Қызылорда облысының пайда болуына дейін уездік, қалалық және аумақтық прокуратуралар қызмет жасады.

Уездік, қалалық прокуратурада прокурордан басқа тек 3 әкімшілік қызметкер болды. Заңдарды күнделікті түсіндіріп отырды. Тергеу мен жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Уездік, аумақтық болған кезде 2 прокурор, яғни Қызылорда және Қазалыда болды.

16.12.1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алды. Соның негізінде 1993 жылы «Байқоңыр» кешеніндегі  №11284 әскери бөлімдегі прокуратура бөлініп, Ресей Федерациясының прокуратурасы болып құрылып, тікелей Ресей Федерациясының Бас прокуратурасына бағынды.

Ал, Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына бағынды.

ҚР Бас Прокурорының 10.09.2001 жылғы бұйрығымен Байқоңыр қалалық прокуратурасы Қызылорда облыстық прокуратурасының басшылығына бағындырылып, облыстық прокуратураның құрылымына енгізілді.

16.07.1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы мемлекеттерінің араларында «Достық, іскерлік қарым-қатынас және өзара көмек туралы» мемлекетаралық Келісім қабылданған.

Нәтижесінде, 10.12.1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің араларында «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру туралы Келісімге келу шешілген. Мемлекетаралық келісімдердің негізінде бүгінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 70 мыңға жуық азаматтары «Байқоңыр» ғарыш айлағын игеруге қызмет жасап, Байқоңыр қаласында өмір сүруде.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Ресей Федерациясына жалға берілгендіктен, Байқоңыр қаласында Ресей Федерациясының прокуратурасы, әскери прокуратурасы және Қазақстан Республикасының прокуратурасы қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының басқа да мемлекетаралық келісімдердің негізінде, Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының жергілікті атқарушы, мемлекеттік органдары, құқық қорғау органдары  қызметтерін жүзеге асыруда, яғни «Байқоңыр» ғарыш айлағында екі елдің азаматтары тұрып, екі елдің заңдылығы қолданылуда.

Бұл жетістіктердің аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы екі елдің және әр ұлтты азаматтардың күнделікті қажырлы еңбегі, қарым-қатынастары тұр.

Сонымен қатар, Байқоңыр қалалық прокуратурасын басқарып, прокурор қызметін атқарған азаматтарға тоқталсақ, 1992-1993 жылдар аралығында Байқоңыр қаласының прокуроры Д.Баймаханов, 1993-1997 жылдары Т.Набиев, 1997-2001 жылдары С.Сүлейменов, 2001-2005 жылдары Е.Жалғасбаев, 2005-2010 жылдары М.Ибрашев, 2010 жылдың шілде айынан бастап Байқоңыр қаласының прокуратурасын А.Айбосынов басқарады. 

Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласы

прокурорының аға көмекшісі

2-сыныпты заңгер                                                                                     

Бауыржан  Бисенбаев

 

Республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінде (07.11.2011ж.№31) «Сындарлы сындардан өткен орган» және Байқоңыр қалалық «Бәйтерек-Байқоңыр» газетінде (04.11.2011ж. №44) «Прокуратура органдары тарихынан» деген тақырыппен жарияланған

 

Мақала №5

ЗАҢДЫЛЫҚТЫҢ  ҚЫРАҒЫ  КҮЗЕТІНДЕ

 

Міне, ел тәуелсіздігіне де 20 жыл толды. Тарих таразысымен өлшегенде осы бір аз ғана уақыт ішінде еліміз талай асқаралы асулардан өтіп, ауқымды істер тындырылды. Қоғамымыздың, құқық қорғау саласының жанды бір бөлшегі ретінде прокуратура органы да осы жылдар ішінде тәуел­сіз­дік тұсындағы қалыптасу кезеңінен, яғни жаңару да, жаңғыру да үдерістерін басы­нан кешірді. Тәуелсіз елдің тегеурінді органы құры­лымы болып қалыптасты. Рас, бұл оңайға түскен жоқ. Әсіресе тәуелсіздік табалдырығындағы тоқсанын­шы жылдарғы түйіндерді шешіп, түйткілдерді ажырату қоғам­ды өтпелі кезеңнің өртіне алдыр­май, жағдайды қа­лыпқа келтіріп, тізгіндеп отыру үшін құқық қорғау органдарына ерекше күш жұмсауына тура келгені рас. Ал прокуратура үшін міндет тіпті де ерекше бол­ды. Сол кездегі саяси және әлеуметтік жағдай, жекешелендірудегі жадағай үрдіс, заңдық негіздемедегі жетімсіздік, осылардан келіп шыққан қылмыс әлемінің еркінсуі, сыбайлас жем­қорлықтың етек алуы – осылардың бәрі про­ку­рорлық қызметті қалыптасқан жағдайға орай бас­қаша қарап, қадағалау әдістерін басқаша құру­ды талап етті. Тың жол іздеп, ұлттық заңнама­лард­ы қоғам талабына сәйкестендіру қажет болды. Мемлекет пен қоғам ая­сында болып жатқан өзгерістер ең жоғары құн­дылық ретінде адам мен оның құқықтарын ал­дыңғы орынға шығарды. Соған сәйкес адам­дардың құқығын қорғау еліміздің прокуратурасы орган­дарының басты мазмұнына айналды.

Жалпы прокуратураның тарихын айтқанда 1922 жылдың 13 шілдесінде сол кездегі алғашқы астанамыз Орынбор қаласында Қа­зақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитетінің 2-ші шақырылған 3-ші сес­сиясының қаулысымен бекітілген “Прокурорлық қадағалау туралы ере­жені” айтпай өте алмаймыз.  Осы қаулымен мемлекет­тік прокуратураның құрылуы қазақ даласындағы құқық қорғау саласындағы айтулы жаңалық болды. Ал бүгінгі кәсіби мереке 1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің “Қазақ КСР прокуратура органдарының біртұтас жүйесін құру туралы” қаулысы шығуымен белгіленген. Осы қаулымен Қазақ КСР Бас Прокурорына бағынатын прокуратура органдарының біртұтас жүйесі құрылды. Міне, осы күнді тәуелсіз респу­бликамыздың прокуратурасының төл мерекесі ретінде атап өтіп келеміз.

Бұл айтулы күннен бір жарым айдан соң, Қазақстан Республиксы Жоғарғы Кеңе­сінің 1992 жылғы 17 қаңтарындағы қау­лы­сы­мен “Қазақстан Республикасының прокура­ту­ра­сы туралы” Заң күшіне енді. Осыған сәйкес про­ку­ратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдар­дың орындалуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын органға айналды. Сөйтіп, прокуратура органдарының алдына заңның үстемдігін, оның бірыңғай және біркелкі қолданылуын, еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібінің бірлігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Бұл ретте прокуратура органдары өз қызметінде азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін, республиканың егеменділік құқығын, оның саяси және экономикалық жүйесін кез келген қол сұғушылықтан қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз етуге тиіс болды.

1995 жылдың 30 тамызында республи­калық референдумда қабылданған Қазақстан Рес­публикасы Конституциясында және Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 1995 жылдың 30 тамызындағы заң күші бар “Қазақстан Республи­касындағы прокуратура туралы” Жарлығында прокуратура органының қызметі өз көрінісін тапты. Осы Конституцияның 83-бабы - орталықтандырылған біртұтас дербес жүйе ретіндегі прокуратура туралы негізгі қағидаларды бекітті.

Енді прокуратура тікелей Қазақстан Республи­касы Президентіне есеп беретін, мемлекет атынан республика аумағында заңдардың, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті жарлықтарының және өзге де құқықтық нормативтік актілердің дәл­ме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызме­тінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орын­даушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қада­ғалауды жүзеге асыратын, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданатын, сондай-ақ Республика Конституциясы және заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық келтіретін, сотта мемлекет мүддесін білдіретін, сонымен қатар заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асыратын болды. Осылардың көпшілігі алғаш рет заңмен белгіленді. Прокурату­раның құқық қорғаушылық рөлінің күшейтілуіне байланысты алдын ала тергеу қызметі басқа құқық қорғау органдарына берілді.

Прокуратура органдарының дамуына Елбасының 2002 жылдың 9 тамы­зында қол қойған Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасының прокурорлық қадаға­лау мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы, сондай-ақ “Қазақстан Рес­публикасындағы құқық қорғау органдары қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Президент Жарлығы құқық қорғау органда­рының, прокуратураның заман талабына орай жаңаша қалыптасуына үлкен ықпалы болды.

Республика прокуратурасының жиырма жылдық тарихын айтқанда Сыр бойындағы заңдылықты қадағалау органының өткен жолы мен шежіресі көз алдыңа оралады. 1938 жылы Қызылорда облыс құрылды. Осы жылы облыс прокуратурасы өз қызметіне кіріскенде Қызылорда облысының алғашқы прокуроры болып В.Ф.Ворожеев тағайындалып, еңбек еткен. Ол кезде маман да, тиісті құрал-жабдықтар да жетіспейтін қиын кезең ғой, соған қарамастан прокурорлар өз міндеттеріне шексіз адал қарап, жанқиярлықпен жұмыс істегенін сарғайған тарих беттерінен көреміз.  Осы уақыт аралығында облыс прокуроры лауазымында  Ж.Құттымұратов, Б.Тапалов, У.Қосаев, Х.Үйсінбаев, М.Әбділқадыров, Т.Ыбыраев, Т.Лұқпанов, М.Туткин, И.Сейітов, О.Боранбаев, С.Үмбеталиев, М.Қалиев, С.Ерімбетов, Б.Асқаров, Қ.Төлегенов, З.Лақпаев, Ә.Кәрімдер қызмет атқарып, Сыр өңірінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға өз үлестерін қосып, айтулы еңбек сіңірген.

Осынау абыройлы іске бүгінде есімдері ел аузында жүрген асыл азаматтар П.Әбдірахманов, А.Сапарбеков, Д.Сәулебеков, Ж.Өтемұратов, А.Байбазаров, Ә.Кенжеғараев, Ә.Әбілдаев, Б.Қосмаханов, К.Оспанов, Ж.Аппазов, К.Пірімжанов, С.Қарамановтардың, сондай-ақ құрметті демалыстағы ардагерлеріміз И.Сейітов, К.Алданазаров, Ж.Жаңабаев, А.Қосаев, А.Тұрғанбай, Қ.Жәниұлы, К.Асқаровалар зор үлес қосқан. Олардың аттары  қашан да биік құрмет пен ілтипатқа ие екендігін атағым келеді.

Қазіргі уақытта облыс прокуратурасы органдары 138 адамды қамтитын, оның ішінде 130 жедел, 8әкімшілік мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейтін облыстық аппараттан, екі қала, 7 аудан прокуратураларынан тұрады. Облыс прокуратурасы органдарымен ағымдағы жылдың 11 айында аймақта заңдылықты нығайту және қылмыстылықпен күресті күшейтуде бірқатар жұмыстар атқарылды. Жергілікті билік органдармен қылмыстылықты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтудің бірлескен іс-қимылдар кешені жасалып, облыс прокуратура органдарының бастамашылығы мен үйлестірушілік қызметі ықпалды жұмыс істеуде.

Прокурорлық қадағалаудың негізгі салалары мен басымдылықтары бойынша қадағалау қызметін жүзеге асырудың жаңа нысандары мен әдістері жетілдіріп, прокурорлардың белсенділігі мен жауапкершілігі арттырылды.

Кадрларды іріктеп, жас мамандарды қызметке қабылдау, олармен тәлімгерлік жұмыстар жүргізу ісіне басты назар аударылды. Бүгінгі күнде жоғарыда аталғандай130 жедел қызметкерлердің қызметкердің 25-сі жас мамандар. Биылғы жылдың өзіне жоғары оқу орындарын үздік бітірген, болашағынан зор  үміт күттіретін 8 жас маман арнайы коммисияның қорытынды ұйғарымымен қызметке қабылданды. Мамандардың біліктілігі мен қабілеттілігін шеберлігіне қарай іріктеу, орналастыру, қадағалау қызметіндегі шаралардың барысында нақты нәжижелерге қол жеткізді.       

Жүргізілген қадағалау жұмыстары нәтижесінде 17377 азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының заң қорғайтын мүдделері қорғалып, мемлекет пайдасына 1 млрд. 040 млн. 361 мың 336  теңгеден астам қаржы өндірілуі қыруар жұмыстың бір мысалы ғана бола алады. Алдағы уақытта да облыс прокуратура органдары Елбасының, Бас прокуратура басшылығының қойған талаптарына сай азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстылық, сыбайлас жемқорлықққа қарсы күресте біліктілігі мен тәжірибесін салып қызмет атқаратынына сендіргім келеді.  

Сөз соңында еліміздің бүкіл прокуратура қызмет­керлерін мерейтойларымен шын жүректен құттықтап, қиын да қастерлі міндеттерін орындауда әрдайым сәттілік, қызметтеріне жеміс тілеймін!

 

Қызылорда облысының прокуроры

Бейбітбек Есенбеков

                                                                 

Қазақстан Респубикасы Бас прокуратурасының ведомстволық «Заң және заман-Закон и время» журналында № 11, 2011 жылы «Заңдылықтың қырағы күзетінде», республикалық «Табиғат тынысы» газетінде (30.11.2011ж. №19) «Прокурорлар  заңдылықтың қырағы күзетінде» және облыстық «Сыр бойы» газетінде (06.12.2011ж. №226) «Заңдылықтың қырағы күзетінде» деген тақырыптармен жарияланды

Жалғасы
Артқа