Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫМЫЗ

 


Елдік бейнесінен, тілі мен дінінен, ұлттық дербестігінен айы­ры­лып, небір қиыншылықтың бұғауын көріп, азабын тартқан халықтар үшін тәуел­сіз­дік пен егемендіктен қымбат артық еш нәрсе бола қоймас.

         Өйткені, тек мемлекеттік тәуел­сіздік қана ұлт­тың ұлт бо­лып сақталуының, елдің ел бо­лып даму­ының нақты кепілі бола алады. Өткен жолымызға көз жүгірте қарар болсақ, еліміз ХХ ғасырдың аяғында ғана аңсаған егемендікке қол жеткізді. Нақты айтқанда, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Рес­пуб­ликасының тәуелсіздігі жа­рия­ланды, халқымыз тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа бар үмі­тін артып, жарқын болашақтың ізгі тілеуін тіледі.

Сондықтан да, міне, жыл сайын аталып өтілетін Тәуелсіздік күні мерекесі әрбір қазақ­стан­дықтың жүрегіне жылылық төгіп, нұр себеді. Елі­міздің жарқын болаша­ғына бастау болған бұл ме­рекелі күн мемлекетіміздің бү­гінгі өркендеуі мен келешегінің зор екенді­гіне нақты сенім ұялатады. Тәу­елсіздіктің қаншалықты қымбатты және қасиетті екендігін және оның бізге қалай жеткендігін бүгінгі ұрпақ жақсы білуі және мақтаныш тұтуы керек. Тәуелсіздік - ата-бабамыздың асқақ арманы еді. Біз оны талмай күттік. Ол үшін осы жолда талай боздақтарымыз жанын салып, құрбан болды. Ендеше Тәуелсіздік қадірін біз бәріміз терең түсіне білуіміз қажет деп ойлаймын.

Әрине, сонау XVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан бас­тап егемендік алуда ата-бабаларымыз қол қусырып қарап отырмады. На­разылық білдірді, талап етті, қол жинап ат­қа мінді, сол үшін қан да төгілді. Бірақ пат­шалық Ресей мен Кеңестік империяның те­мір құрсауы оған мүмкіндік бермеді.

Осындай тарихи кезеңдерді саралаған Елбасы өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғаларға таяудағы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арнаған сөзінде: «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы - біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері» деп баға берді. Халқымыз елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл өшпес шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып қала бермек.

         Ата-баба аңсаған тәуелсіздік қолға тигеннен кейін де жас мемлекетті қалыптастыру жолы оңайға соқпады. Тіпті жоспарлы экономика, тоталитарлық коммунистік жүйе шаруашылығы мен басқару құры­лымдары да, құқықтық жүйесі де пайда­лануға келмеді. Айта берсе, талай кедергі келтіретін ауыртпалықтар алдан шықты. Дегенмен, еліміз осындай қиыншылықтарға қарамастан, біртіндеп экономикалық жетістіктерге жетумен қатар, құқықтық реформаларды жүзеге асырып, заң үстемдігі үлгілі үдеріске ұласты. Елімізде басталған тың үрдістер мен заң саласындағы жаңалықтар адамды қоғамның жоғарғы құндылығы ретінде бірінші кезекке шығарып, азаматтардың сотпен қорғалу құқығын кеңейте түсті. Тоталитарлық режим кезінде кеңес прокуратурасы бірінші кезекте әміршілдік-әкімшілік жүйенің мүддесін қорғауға мәжбүр болса, тәуелсіз Қазақстан Республикасының прокуратура органдары жеке адамның құқығы мен бостандығын қорғауды өз қызметінің негізгі мазмұны ретінде айқындады.

Прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі Республика тәуелсіздік алған сәттен басталғанын ерекше айту керек. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 6 желтоқсандағы «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулысымен Қазақ КСР–ның Бас Прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылса, 1992 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң қабылданып, оған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына қадағалауды жүзеге асыратын орган болды. Аталған Заң прокуратураның қадағалау және құқық қорғаушы қызметін жетілдіруде оң әсерін  тигізді, алайда, мемлекеттік құрылыс үдерісінің жедел дамуы мен қоғамды демократиялаудың өріс алуы құқықтық жүйені қалыптастыруда да жаңа ізденістерді талап етті. Осыған байланысты, 1994 жылы Президенттің Жарлығымен Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы, ал 2002 жылы Қазақстанның 2002 жылдан 2010 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжаттарда прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталып, көрсетілді және  соған сәйкес бірқатар заңдар да қабылданды.

         Жалпы прокуратураның қазіргі мәртебесі 1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, прокуратура органдарының өкілеттілігі мен міндеттері мемлекетіміздің дамуына негізделді. Сөйтіп, Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап, мемлекеттік органдар жүйесіндегі ерекше орган ретінде мәртебесін белгілеп берді.

         Осындай сындарлы өзгерістердің арқасында прокуратураның мемлекеттік органдар жүйесінде өзінің конституциялық орны бекітіліп, ел Президентіне ғана есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Конституцияның, Президент Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірден-бір толыққанды орган болды.

Осы тұста тәуелсіздіктің тұғырында өсіп-өнген жас Астана қаласы прокуратурасының даму тарихына да тоқталмай өту мүмкін емес. Мұның өзіндік мәні бар. Себебі, бас қаламыздың Алматыдан Ақмола қаласына ауыстырылуына байланысты, сол кездегі Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ю.А. Хитриннің 1997 жылғы 24 желтоқсандағы бұйрығымен Ақмола қаласының прокуратурасы  облыстық прокуратура құқығына ие болды. Артынша, «Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласын Астана қаласы деп қайта атау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығына сәйкес, 1998 жылдың 15 мамырында Бас Прокурор Ю.А. Хитрин дербес мәртебе және облыстық прокуратура құқықтарына иелендіре отырып, Ақмола қаласының прокуратурасын Астана қаласының прокуратурасына өзгерту туралы бұйрыққа қол қойды.

Елорданың бірінші прокуроры болып 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Т.Ержанов тағайындалса, А. Константинов, Е. Мерзадинов, В. Корчагин әр жылдары қала прокуроры болып еңбек етті. Қазіргі уақытта Астана қаласының прокуратурасына 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі М.Жөргенбаев басшылық етеді.

Бүгінде елорда прокуратурасын мемлекетіміздің Ата Заңы мен заңдарына абыройлы қызмет ету және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі Елбасы жүктеген міндеттерді тиісінше орындау үшін қажетті материалдық-техникалық базасы мен кәсіби кадрлық құрамы бар жұмысқа қабілетті, жоғарғы білікті ұжым ретінде атауға толық негіз бар.

Бұл ретте, елімізде орын алған даму үрдістеріне сәйкес, прокуратура мен жалпы құқық қорғау жүйесінде инновациялық жетістіктердің кеңінен қолданылып отырғандығын атап өткен жөн, атап айтқанда, ең алғаш Астана қаласында қолға алынған қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды электронды тіркеу жобасы өз нәтижелілігін көрсетіп, қазіргі кезде барлық Республика аумағында енгізілуде. Сондай-ақ келесі жылдан бастап қала прокуратурасының іс жүргізу жүйесін де толығымен электронды түрде жүзеге асыру жоспарлануда. Осының бәрі елорда тұрғындары мен барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына тек оң әсерін тигізетін болады.

Сан қырлы, сындарлы жолдардан өткен біз баршамыз, бүкіл қазақстан­дықтар болып елдігімізді, тәуелсіздігімізді нығайттық, келешекте де кез келген қиыншылыққа қарсы тұра аламыз деген сенімдемін. Тәуелсіздік – еліміздің әрбір күнінің, әрбір қадамының, қиыншылығы мен өркендеп дамуының қателіктері мен табыстарының белесі, жүріп өтетін жолы, тарихи шежіресі.

Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың Тәуелсіздігінің 20-жылдық мерекесі құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін, ағайын!

 

 

Есенжан Досанов

Астана қаласы прокурорының

бірінші орынбасары
Артқа