Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

                                                     Тәуелсіздік  тағылымдары

 

      Үстіміздегі жылы еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толғанын мақтанышпен айтар болсақ, сонау Кеңес дәуірінде қызмет жолын бастаған прокуратура қызметкерлерінің де еске алар қызықты оқиғалары көп деп санаймын.

     Мен 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетін ойдағыдай бітірген соң Қазақ ССР прокуратурасының жолдамасымен Батыс Қазақстан көлік прокуратурасына қарасты Ақтобе көлік прокуратурасына жас маман ретінде тергеуші болып қызметке қабылдандым. Қызметке келгеннен көзге ерекше корінген құбылыс қала халқының, оның ішінде прокуратура ұжымынын қазақ тіліне шорқақтығы.  Оның үстіне кеңестік тәртіп қалыптастырған дәстүр бойынша ұжымдағы құжат айналымы тек орыс тілінде екен. Менің алғашқы прокурорым Мушатов Айдынғали Сағынғалиұлы Ресейдің Саратов облысының қазағы болып шықты. Бірақ қазақшасы жетік әрі өмірлік тәжірибесі, адамгершілігі мол жан екені байқалып тұратын. Жас маман ретінде бұл кісіден көп сабақ алғаныма осы күнге дейін қуанамын.

       Сол Ақтобе көлік прокуратурасында қызметке енді араласып, шыңдалып келе жатқанда орына алған мынадай оқиға есімнен ешқашан шығар емес.

      Алматыда студенттік кезден таныс әрі құрдас Татанов Әлібек деген жолдас жігітпен жұмыстан тыс уақытта кездесіп, араласып тұратын едім. Ол Ақтөбе облыстық теледидар саласына жұмысқа тұрған екен. Екеуіміз де жас маман болған соң бізге бәрі қызық, шүйіркелесіп әңгімелесеміз, ойларымызды ортаға саламыз. Әлібектің жұмысқа деген зор ынтасы, ізденімпаздығы, жаңашылдығы көзге ұрып тұратын. Өзіне жарасымды батырлығы да байқалатын.

     Міне осындай бір кездесуіміздің барысында Әлібек жақын арада облыстық телеарнада арнайы жастар арасында пікірталас хабары өтетінін айтып еді, мен де ойымды білдірсем бола ма деп жабыса кеттім. Досым менің ұсынысыма қуанып, телетүсірілім болатын уақытты айтты. Бұл 1986 жылдың қараша айларының орта тұсы болатын.

       Айтылған уақытта телестудияға кешке келсем, менен бөтен 15-20  жас жігіттер мен бойжеткендер жиналып қалыпты. Барлығымызды Әлібек дөңгелек үстел бойына отырғызып, қысқаша тақырыпты түсіндірді. Сондағы айтқаны, әрқайсымызды қоғамда толғандырып жүрген өзекті мәселелер бойынша ой бөлісуге шақырды. Ешқандай ұлтшылдық не болмаса басқа қажетсіз тақырып қозғалған жоқ. Алдын ала ешкімге дайын баяндама не парақшалар да берілген жоқ.

       Сонымен пікірталас басталып кетті. Қатысып отырғандардың барлығы тақырыпқа қызу кірісіп, өз ойларын бүкпесіз ортаға салып жатыр. Бір кезде дөңгелек үстелді жүргізіп отырған Әлібек маған қарап, тақырып төңірегінде не қосарымды сұрады. Осыған дейін айтылып отырған әңгіменің дені қазақ тілін қолдану аясы тар екені болғандықтан мен де ойымды қысқа да нұсқа етіп жеткізуге тырыстым. Сондағы айтқаным: мен қызмет жасап жатқан прокуратураға Шалқар, Қандыағаш, Алға және де басқа шалғай стансалардан қазақ тілінде келіп жатқан арыздарға жауаптар орыс тілінде берілетіні дұрыс емес, өйткені арыз иелері көбінесе зейнеткерлер болғандықтан бізге қайта келіп, уақыттарын құртып, жауаптың аудармасын сұрап әлек болып жүретіні жасырын емес.

      Осы ойымды айта қойып едім, студиядағы жастар жамырап маған қосыла кетті. Оларды да осы мәселе қатты толғандырып жүргені көрініп тұрды.

      Сонымен жарты сағаттай ма, бір сағаттай ма өткен тележоба бітті. Ертеңіне бір рет,бір жетіден соң көрермендер сұранысы бойынша деп тағы бір рет бүкіл облысқа әлгі біз қатысқан хабар толық форматта көрсетіліп жатты. Менің ойымда ешнәрсе жоқ, жұмысымды әрі қарай атқарып жүрмін. Әлібек досым хабардың жақсы өткенін, көрермендер риза екенін айтып бір екі рет телефон шалғаны есімде.

      Араға бірнеше күн салып, Алматыдағы желтоқсан оқиғалары бұрқ ете қалды. Жұмыста тәртіп күшейтіліп, әр қызметкерге заң насихаттау мақсатында оқу орындары үлестіріліп берілді. Қалалық партия комитеті орыс тілінде әзірлеген насихат парақтары берілді қолымызға. Белгіленген кесте бойынша маған жүктелген темір жол техникумына жұмыс соңында келіп, оқушылар алдында әлгі насихат парағын бір рет оқып бердім де, ары жағында өз тарапымнан біраз жастар жөнінде, қазақы дәстүрлер жөнінде ойларымды қосып, мінбеден түстім де, орныма отырдым. Менен кейін бірқатар лауазымды кісілер сөз алып жатқан. Жиналыс бітіп, шығуға ыңғайланып келе жатсам, мені бойы аласа, жұқа келген орыс кісі шетке алып шығып, қалалық партия комитетінен қатысып отырғанын айтты. Маған арнайы тоқталғанының себебін кейін айтты.Сөйтсем, мен қолымдағы насихат парағын ғана оқып беріп, өз бетімше пікір қосуға хұқым жоқ екен. Маған оны ешкім осыған дейін айтқан емес еді. Әлгі кісі маған ескерту жасады да, кетіп қалды. Ертеңіне мен осы олқылығым үшін кадр бөлімінен тағы да ауызша ескерту алғаным бар.

       Бірнеше күннен соң таңертеңгісін бастығым Мушатов С. кабинетіне шақырып алды. Кірсем, алдында аққұба келген отыздарды алқымдап қалған жігіт ағасы отыр екен. Бастығым оны облыстық КГБ қызметкері деп таныстырды да бірден әңгімеге көшті. Сөйтсем, біздің карашада телехабарда сөйлеген сөздеріміздің астарында ұлтшылдық ұшқындары бар болып шығыпты. Оның үстіне мен қызметтік тәртіпке қайшы сол дөңгелек үстелге қатысу үшін басшылар рұқсатын алмаған болып шықтым. Әңгіме көпке ұзаған жоқ. Әлгі жігіт ағасы мені алдына салып алып, облыстық КГБ кеңсесіне алып келді. Кіре берістегі бір бос кабинетке отырғызды да, шығып кетті. Мен үрейленіп, ішімнен  қайдағы бір нәрселерді ойлай бастадым. Алматыдағы қырғыннан ешкімді аяп жатпағанын есітіп жүрмін. Айдың аманында оқуымды ойдағыдай бітіріп, арман жетегімен Ақтөбеге келгенімнің ғұмыры қысқа болған шығар деп те қоямын. Алыста шиттей бала шағамен қалған жесір анама не деп айтам енді деп тағы қинала бастадым. Неге ғана барып едім телестудияға деп өзімді де кінәлап қоямын ішімнен.Әйтеуір, сол бір жарты сағаттың ішінде басыма не бір ойлар келіп, маза қаша бастады. Алайда, өзімнің айтқан сөздерімнің астарында ешқандай ұлтшылдық жоқ екеніне бек сенімдімін және осыны бастығыма да, КГБ қызметкерлеріне де жасырмай айтып, дәлелдегендей болдым. Қорыта айтқанда, біраз уақыттан соң менің сөздерімде ешқандай ардан да, заңнан да ауытқу жоқ екені дәлелденгендей болды.

      Осы басымнан өткен оқиғаларға бүгінгі күн биігінен көз тастасақ, Кеңес дәуірінің сұрапыл қағидалары мен қоғам мүшелеріне деген шектеулерінің тым қаталданып бара жатқанын аңғару қиын емес сияқты. Ұлт тілі, дәстүрлері жөнінде айтпақ түгілі, ойлаудың өзі қылмыс болып саналғанын еліміз егемендік алғаннан соң ғана сезіне бастаппыз.

         Құдайға шүкір, 20 жылдан бері тек Қазақстан ғана емес, кеңес құрамындағы әр ел өз тәуелсіздігіне ие болып, өз саясаттарын жүргізіп келеді. Алайда, олардың ішінде біздің жас мемлекетіміздің шоқтығы өзгеше екенін бүкіл әлем мойындап отыр, оған барлық негіз бар және біз оған ерекше қуануымыз керек.

       Менің бойыма ерекше бір қуаныш ұялататын және бір жәйт, ол қоғамның барлық мүшелеріне ешқандай шектеусіз оқуға, қызмет жасауға, мемлекет басқару ісіне атсалысуға, ойыңды бүкпесіз айтуға берілген мүмкіндік. Кешегі кеңес дәуіріндегі компартияның насихат парақтары мен залда тығылып,тыңдап отыратын функционерлерді көрмегелі де 20 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін қызмет бабымен қанша рет теледидар мен газет беттерінде өз ойларымды айтып жүрсем де, ешкім мені жұмысына сүйреп, сөздерімнің астарына үңілмегеніне де 20 жыл болыпты.

       Казақстан прокуратурасында мен сияқты кеңес дәуірін көрген қаншама әріптестерім бар. Солардың ешқайсысы да жоғарыда айтылғандарды жоққа шығармайды деген сенімдемін. Компартия екпінімен жазықсыз жаза көрген, қызметтен қуылған, тіпті сотталып кеткен прокурорларды да тарих ұмыта қойған жоқ әлі. Міне, сондықтан біздер бүгінгі күнімізге тәубе дей отырып, еліміздің онан әрі өркендеуіне аянбай тер төгуді Алланың қазақ халқына берген бағы деп санауымыз керек.

       Соңғы жылдары прокуратура сапына келіп жатқан жас мамандар негізінен білімді және ізденімпаз. Елбасының қадағалаушы орган ретінде Қазақстан прокуратурасына жүктеген салмағы аса зор және ерекше екенін сезген азамат қана нағыз жаңа үлгідегі прокуратура қызметкері бола алады деп санаймын.

      Еліміздің төл мерекесі қарсаңында барлық қазақстандықтарға зор табыс, сарқылмас күш-қуат, ерекше ұлтжандылық сезім мен шабыт тілеймін.

 

Астана қаласы прокурорының көмекшісі

Мейрамбек Қаныбеков

Артқа