|
- Қайрат Әбдіразақұлы, сіз ізгілендіру мәселелері жөніндегі заң жобасын Бас
прокуратура Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің
тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы тамыздағы Жарлығынан
туындайтын тапсырмасын орындау мақсатында әзірлегенін атап өттіңіз. Жобаның
негізгі ережелері туралы тереңірек мағлұмат бере кетсеңіз. - Тұтастай алғанда, біздің ұсыныстарымыздың қылмыстық заңнамаларды
ізгілендіруге, қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді
оңайлатуға, қылмыстық процессте, сондай-ақ кәсіпкерлікті қорғау аясында
заңдылықтың қосымша кепілдіктерін белгілеуге қатысы бар. Осы мақсаттарда онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстарды
қылмыстық сипаттан арылту ұсынылады. Олар бойынша қылмыстық жауаптылықтың
орнына, аса жауапты әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Ол үшін Әкімшілік
құқық бұзушылық туралы кодексте әкімшілік жазалардың жоғарғы шегін арттыру
көзделген. Жеке тұлғаларға - 500 айлық есептік көрсеткіштерге дейін, ал
жеке кәсіпкерлерге, лауазымды және заңды тұлғаларға - 1000 айлық есептік
көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдар көзделген. Бұдан басқа, әкімшілік қамауға
алудың ең ұзақ мерзімі қырық бес тәулікке дейін ұзартылады. Сонымен қатар қылмыстардың алдын алуды күшейту мақсатында әкімшілік
преюдиция институтын енгізу көзделеді, яғни ол бір жыл ішінде әкімшілік
құқық бұзушылықты қайта жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеуді
білдіреді. - Заң жобасы бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалаудың
түбегейлі жаңа балама түрін ұсынады ма? - Иә, жазалаудың балама түрлерін қолдану аясы кеңейтілетін болады. Атап
айтқанда, «келтірілген зиянның орнын толтыру міндеттілігін жүктеу» сияқты
жазалаудың жаңа түрін енгізу көзделіп отыр. Оны онша ауыр емес және орташа
ауырлықтағы қылмыстар үшін тікелей жеке тұлғаға және оның меншігіне
сотталушы келтірген зиянның салдарын жоюға қабілетті болған жағдайда
қолдану қарастырылады. Біздің көзқарасымыз бойынша, осындай шаралар жазалау ретіндегі неғұрлым
ізгілікті шара болып табылады. Өйткені зардап шегуші тараптың мүдделерін
қорғауды да, жәбірленуші мен кінәлі арасындағы жанжалды жоюға да әсер
етеді. Басқаша айтқанда, сотталушыға жазалау шарасын қолданбастан сот оған
келтірілген зиянды өтеу міндеттілігін ғана жүктейді. Ол сот төрелігін
қалпына келтіру элементтерінің бірі болып табылады. Жазалаудың жаңа түрін
қылмыс құрамының 40 санкциясына енгізу ұсынылып отыр. Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жазалаудың бас бостандығын шектеу сияқты
түрін неғұрлым кең қолдануды көздейді. Қазіргі таңда ол қылмыстың 107 түрі
бойынша қолданылып отыр. Жоба осы тізбені 225 құрамға дейін кеңейтеді,
соның ішінде ауыр қылмыстың 4 түрі енгізіледі. Осыған байланысты соттарда
жазалаудың осындай түрін тағайындау мүмкіндігінің бола бермейтінін ескере
отырып, біз жазалаудың осы түрін жекелеген ауыр қылмыстар және абайсызда
жасалған орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру мерзімі бойынша
сәйкес келетін балама ретінде таратуды ұсынамыз. Ол үшін бас бостандығын
шектеу мерзімінің барынша шегін 7 жылға дейін ұзартуды ұсынамыз. Қазіргі
таңда, ол 5 жылды құрайды. Осылайша сотта қоғамнан оқшаулауға байланысты
емес жазалау мүмкіндігі туындайды. Ол елімізде «темір тордың арғы
жағындағы» адамдар санын қысқартуға мүмкіндік береді. Соның салдарынан қылмыстық жазалау жүйесінен қамауға алу алып тасталады, ол
көптеген жағдайларда бостандығын шектеумен ауыстырылады. Тұтастай алғанда қылмыстық жазалауды ырықтандыру жөніндегі ұсынылып отырған
шаралардың кешені бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың
санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. - Бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімін азайту көзделген бе? - Қылмыстан арылту тәртібінде ауырлығы шағын, орташа және аса ауыр
қылмыстық әрекеттердің 16 құрамы бойынша бас бостандығынан айырудың ең ұзақ
мерзімін азайту ұсынылып отыр. Ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 18
құрамның санкциясынан бас бостандығынан айыру толықтай алып тасталады.
Бұдан басқа онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет
жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айыруға
байланысты емес жазалау шараларын қолдану мүмкіндігі қарастырылып отыр. - Қамауда ұстау сияқты осындай бұлтартпау шарасын қолдану аясында қандай
өзгерістерді күтуге болады? - Сіз өте орынды проблеманы қозғап отырсыз. Елімізде жыл сайын тергеу
барысында орташа алғанда 19 мың айыпталушы қамауға алынады. Осындай жағдай
қазіргі таңда осы бұлтартпау шарасының 2 жылдан астам мерзімге бас
бостандығынан айыруға көзделген қылмыстардың барлығы бойынша қолданылатынын
білдіреді. Бұл Қылмыстық кодекс баптарының едәуір бөлігі болып табылады. Сондықтан біздің көзқарасымыз бойынша, бүгінде осы мәселені заңды тұрғыдан
қайта қараудың объективті қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты біз
бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алудың шегін 5 жылға дейін арттыруға
болады деп есептейміз. Бұл қамауда отырғандардың санын шамамен 25 пайызға
азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша қылмыстық қудалаудың репрессивтілігін
төмендету жөніндегі мақсаттарға жетеміз. Сонымен бірге заң жобасына сәйкес
осы бұлтартпау шарасын қолданудың ерекше негіздемелерінің тізбесі
кеңейтіледі. Енді оларға ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық
құрамында жасалған қылмыстарды, сондай-ақ бұрын жасаған қылмысы үшін
соттылығының болуын жатқызу ұсынылады. Осылайша аса қауіпті қылмыс үшін
жауаптылық күшейтілетін болады. - Заң жобасында тағы қандай көңіл аударарлық жаңалықтар бар? - Мемлекеттік мүдделерге зиян келтірген қылмыстық істер бойынша тараптардың
ымыраға келу институтын пайдалану мүмкіндігін заңды тұрғыдан кеңейту
ұсынылады. Жобаға сәйкес мемлекеттік айыптаушы зиян қалпына келтірілген
жағдайларда айыпталушымен ымыраға келуге мемлекет атынан келісім бере
алады. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қылмыстық қудалау органдары тарапынан
негізсіз араласудан қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге
әкеліп соғатын экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық іс қозғаудың ерекше
тәртібі ұсынылып отыр. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді одан әрі оңайлату үшін
кезекті ауыр қылмыстар туралы істер бойынша оның жеделдігін арттыруды
қолдану ұсынылады. Енді Президенттің Жарлығына сәйкес балама тергеуде болуды азайту идеясы
іске асырылды. Ол есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар туралы
қылмыстық істерді тергеуді Ішкі істер органдарының жүргізуіне, ал сыбайлас
жемқорлық және экономикалық қылмыстар туралы істерді тек қана Қаржы
полициясының құзыретіне жатқызуды ұсынады. - Прокуратура органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша заң
жобасының мәні неде? - Бірінші кезекте заң жобасын әзірлеу Үкіметтің осы жылға арналған заң
жобалармен жұмыс жоспарымен көзделген. Тиісті өзгерістер мен толықтырулар
енгізу прокуратура жұмысының тиімділігін күшейту туындап отыр. Өйткені
«Прокуратура туралы» заң 1995 жылы қабылданған, ал соңғы маңызы бар
түзетулер оған сегіз жыл бұрын - 2002 жылы енгізілген. Сондықтан заң прокурорлық
қадағалауды жүзеге асыру мәселелеріне қатысты тұтастай бірқатар заңдарға
түзету енгізуге байланысты нақтылауды талап етеді. Мысалы, 2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Қылмыстық іс
жүргізу кодексіне прокуратураның қылмыстық істерді тергеу жөніндегі
өкілеттіктері туралы түзетулер енгізіліп қойған. Бұл тиісті түзетулер
біздің кәсіби заңымызға да енгізілуі тиіс немесе заңның жекелеген ережелері
Мемлекет басшысының прокуратура органдарына қатысты өкілеттіктерін
бекітетін «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық
заңның нормаларына сәйкес келтірілуі керек. - Бұл құқық қорғау қызметіне қатысы бойынша прокуратураның функцияларын
үйлестіруді күшейту қажет деп атап өткен Президенттің тамыз айындағы
Жарлығына байланысты ма? - Иә, прокуратура органдарына заңдылықты және құқықтық тәртіпті қамтамасыз
ету жөніндегі жұмыстарды үйлестіру үшін үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесі Бас прокуратураның басшылығымен
біраздан бері әрекет етіп келеді, жер-жерлерде жұмыс істеп отыр. Олардың
қызметінің құқықтық негізі осы күнге дейін құқық қорғау органдары
басшыларының бірлескен бұйрықтарынан ғана тұрады. Өкінішке қарай, іс
жүзінде осындай белгісіздік құқық қорғау қызметінің келісім беруінің жеткілікті
деңгейін қамтамасыз етпей келеді. Өйткені Үйлестіру кеңесінің шешімін іске
асыру ұсынымдық сипатта ғана болып отыр. Осыдан туындайтыны - заң жобасына Үйлестіру кеңесінің құқықтық мәртебесін
заңды тұрғыдан бекіту көзделеді. - Заң жобасы азаматтардың әлеуметтік саладағы құқықтары мен
бостандықтарын сақтауға прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі
арттыруды қарастырады ма? - Жобаға сәйкес прокурорлар азаматтардың еңбек, тұрғын үй және өзге де
құқықтарын қорғайтын талап арыздарына бастамашы болу мүмкіндігіне ие
болады. Бұдан басқа прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралатын азаматтық
істердің санаттарын заңды деңгейде айқындау ұсынылады. Заң бойынша прокурор
кез келген іске және оны қараудың кез келген сатысында қатысуға құқылы. Іс
жүзінде оны қамтамасыз ету мүмкін емес және оның қажеті де жоқ. Сондықтан
осы мәселелер ұзақ уақыт бойы біздің заңға бағынышты ведомстволық актілер
деңгейінде реттеліп келді. Енді прокурорлық істердің белгілі бір
санаттарына міндетті түрде, атап айтқанда, жұмысына қайта орналастыру
туралы, жалақысын өндіріп алу туралы, азаматты басқа үй-жай берместен
тұрғын үйінен шығарып жіберу туралы, адамның өміріне және денсаулығына
келтірілген зиянды өтеу және басқалар туралы істерге қатысуын заңды
тұрғыдан бекіту ұсынылады. - Мемлекет басшысы «Құқық қорғау органдары қызметінің басым
мақсаттарының бірі - құқық бұзушылықтың алдын алу» деп атап өтті. Осыған
байланысты, ведомостволық заң жобасында қандай ұсыныстар мазмұндалған? - Біз прокурорлық қадағалау актілерінің жүйесіне заңдылықтың бұзылуына жол
бермеу туралы ескерту енгіземіз, оның міндеті азаматтар мен лауазымды
тұлғалардың заңсыз әрекеттерін болғызбаудан тұрады. Прокурорлар қолданып
жүрген қылмысқа қарсы әрекет ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын
қорғау мәселелері бойынша көпшіліктің назарына салуды заңды тұрғыдан бекіту
де осы мақсатты көздейді. Бірнеше жылдан бері Бас прокуратураның жоғары қадағалау органы ретіндегі
ресми ұстанымын білдіруі заңдылықтың жаппай бұзылуының түрлі алғышарттарына
прокурорлық ықпал етудің өзіндік нысаны болып келеді. Осы шара іс жүзінде
өзінің тиімділігін дәлелдеді. Өйткені онда алдын ала әсер етудің қуатты
әлеуеті мазмұндалған. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған заң жобасы біздің көзқарасымыз бойынша
еліміздің қылмыстық саясатын құқықтық мемлекеттің стандарттарына
сәйкестендіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау
кепілдіктерін қамтамасыз етуге, прокуратура органдарының үйлестіру
функцияларын күшейтуге және прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі
арттыруға мүмкіндік береді. - Әңгімеңізге рақмет. http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=3957&Itemid=2 |