Жаңашылдық және жеделдік
Комитет жинақтайтын құқықтық статистикалық ақпарат прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар шешімдер қабылдаған кездерде де негізгі дереккөздің бірінен саналады. Сонымен қатар, ол жеке және заңды тұлғаларды қоса алғанда барлық пайдаланушыларға ақпарат жеткізіп беруші болып отыр. Мәселен, 1998 жылы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың 33 мың сұрауына жауап берсе, 2008 жылы бұл көрсеткіш 60 есе артып, 2 миллион 102 мыңға жетті.
Қазір комитетте 5 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр, олар: «Біртұтас біріктірілген статистикалық жүйе», «Тұрғындардың арыз-шағымдарының біртұтас есебі», «Арнайы есептер», «Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйе», сондай-ақ 24 мемлекеттік және 8 құқық қорғау органдарына қызмет көрсететін «Ақпараттық сервис».
Аталған жүйе өз қызметінде уақыт талабына сай, заманауи әдістерді енгізуді дәстүрге айналдырып келеді. Мәселен, келушілердің арыз-шағымдарын есепке қоюдан жасырып қалуды барынша азайту мақсатында хабарлама талонның электронды нұсқасын енгізу қолға алынды. Бұл бойынша арыз беруші өз арызы бойынша қабылданған шешімді интернет, CALL-орталық немесе SMS арқылы біліп отыру мүмкіндігіне ие болады.
Бұл сынақ өткен жылдың аяғына таман Ақмола мен Алматы облыстарында жүргізіліп, жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді. Соның арқасында осы облыстарда қылмыстар туралы хабарламалар мен шағымдар сәйкесінше 8,3 және 33,6 пайыз артты. Сынақ жүргізілген 2 ай ішінде ғана арыз берушілерге 4 мыңдай талон берілді. Олар арқылы 2 мыңға жуық арыз беруші комитет сайтына, CALL – орталыққа кірді немесе SMS хабарлама жасады. Демек, олар мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ өз шағымдарының нәтижесін біле алды. Мұның нәтижесі азаматтар мен заңды тұлғалар өз арыз-шағымдарының қаралу барысын интернет арқылы біліп отыруға мүмкіндік беретін «Айқын» жобасын жасауымызға алып келді.
Аталмыш жоба Ақмола облысы әкімдігінің жекелеген бөлімшелерінде сынақтан өтіп, Көкшетау қаласының мемлекеттік органдарында қолдауға ие болды. Осы сынақ кезінде Ақмола облысының жергілікті атқару органдары келушілердің арыз-шағымдарын қабылдау және тіркеу кезінде оларға 6 613 талон берді. Олардың 4 415-і, яғни 66,8 пайызы комитет сайтына кіріп, арыздарының одан арғы тағдырын біліп отырды. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша енді бұл жобаны барлық орталық және жергілікті атқару органдарына енгізу мәселесі жасалу үстінде.
Әрине, құқықтық статистиканы одан әрі дамыту жолында басқа да жобаларымыз бар. Мәселен, өткен жылы «Өкілетті органдардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауының нәтижелері туралы» №1-АД деп аталатын статистикалық есептің жаңа түрі енгізілді. Бұған дейін елімізде бұл сала бойынша нақты ақпарат болмайтын, соған орай әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі жұмыстарды жақсартуға да мүмкіндік жоқ еді.
Аталмыш жобаны енгізгеннен кейін еліміздегі бұл саладағы ахуалды айқын көре алатын болдық. 2008 жылы – 47 миллиард, 2009 жылы 37,5 миллиард теңгенің айыппұлы мемлекет қазынасына түспей қалған. Ал өткен 2010 жылы 80 миллиард теңгеге жуық немесе жарты миллион доллар айыппұл қайтарусыз қалған! Өндірілмеген айыппұлдар жөнінде Алматы қаласы (16 млрд.теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (10 млрд. теңге) алдыңғы қатарда тұр.
Біз бүгінде жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік органдар билігіне өздері бақылау жасау мүмкіндігін беріп отырмыз. Бұл жөнінде электронды арыздарды тіркеу кітапшасы, электронды талон, «Бизнес тірегі» және «Айқын» сияқты инновациялық жобалар зор мүмкіндіктерге жол ашты. Осылардың арқасында есепке алу-тіркеу тәртібінің бұрынғы ұғымы мүлдем өзгеріп, ол жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Ол бүгінде арыз-шағымдарды қабылдау және тіркеу дегенді ғана білдірмейді, ол енді арыздарды қарау және оның бұзылмауын қадағалау сияқты мәселелерді қоса қарастыратын болды.
Үстіміздегі жылдың басынан бастап ішкі істер органдарында бұрын сынақ ретінде жүргізіліп келген хаттарды электронды тіркеу тәртібі жаппай енгізілуде. Ол өз кезегінде арыз-шағымдар туралы мәліметтерді күн тәртібінен қалдырмай, оларды уақтылы қарауға тікелей ықпал ететін болды. Бұл жүйе негізінен құқық бұзушылықтың орын алуын анықтауға ғана емес, оның алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл жүйе кәсіпкерлерді негізсіз тексерудің жолын кесуге де қызмет етеді. Осы мақсатпен электронды тіркеу мен тексерулерді есепке алу бағдарламалары біріктіріліп отыр.







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






