Мұрағат »
Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-
«Закон и время»
Жаңалықтар таралымына жазылу

Прокуратура органдарының ардагерлері

Прокурорлар қауымдастығы


БАҚ– Бас прокуратура туралы

Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету

 
Берік ҚҰЛТАСОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі: Азаматтардың құқы Ата Заң аясында қорғалады


- Берік Сайлауұлы, Ата Заңымыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы әңгіме көп қой. Сонда да болса терең мағынасы бар, басқа заңдарды қабылдауға негіз болған бір-екі жеріне тоқталыңызшы...
- Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 16 жыл толып отыр. Конституция - әрбір тәуелсіз, егеменді елдің Негізгі Ата заңы, яғни кез келген мемлекет басшылыққа алып өмір сүретін басты құжат. Еліміздің Ата Заңы 1995 жылдың 30 тамызында қазақстандықтардың тікелей дауыс беруі арқылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Міне, содан бері Конституция күні бүкіл ел болып республика көлемінде атап өтілетін жалпымемлекеттік мейрам ретінде қалыптасып отыр.
Қазақстан мемлекеті Ата Заңымыздың кіріспесі: «Біз қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», - деп басталуында үлкен мән-мағына жатыр.
Осылайша елімізді демократияландырудың жаңа кезеңі - еркін демократиялық қоғамды жедел дамыту жолына нық қадам бастық. Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейтін, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізетін, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартатын демократиялық, зайырлы мемлекетке айналды.
Ата Заңның 3-бабының 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық» деп атап көрсетілген. Байырғы қазақ жерінде ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз мемлекетті құру үстінде. Осы жерде айта кетуіміз керек, Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты жүзеге асыруына 1990 жылы 25 қазанда қабылданған тарихи құжат - Егемендік туралы Декларация зор рөл атқарды. Оның тарихи маңызы өлшеусіз. Көп ғасырлық тарихы, мәдениеті мен қалыптасқан мемлекеттік құқықтық дәстүрлері бар Қазақстанның өз жолын белгілеп, өзгелермен шын мәнінде теңесе білді. Декларация басқа да заңнамалық актілерді әзірлеуге негіз салды.
Біз биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар Ата Заңымыздың қабылданғанына 16 жыл толды. Тарих еншісіне салсақ, бұл түкке де тұрмайтын уақыт. Алайда біз осы аз ғана мерзім ішінде өзімізді небір алпауыт мемлекеттерге мойындатып үлгердік. Айталық, жан-жағында сүйенері жоқ жас бала ұлы көшке ілесемін десе - буынын бекітіп алып, өз әрекетін өзі жасауы керек. Бұл шет-шегі жоқ алыс сапарда оған көптеген қажеттілік керек. Қазір біз осы жолдардан өттік, буынымыз бекіді. Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жыл толғалы отыр. Ал жиырмадағы бозбала жігіт жан-жағына жіті қарап, қаршығадай көзін жалт-жұлт еткізіп, небір алыс қиырларды шолмаушы ма еді! Біздің жас мемлекетіміздің күні кеше ғана Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі - биіктерге самғап бара жатқан сол қыран құстың саңқ еткен үнінің бір ғана жаңғырығы сияқты. Іле-шала елімізде қысқы Азия ойындарын өткіздік. Бұл да оңай емес. Қазір ИЫҰ-на төрағалық етудеміз. Жаңа Елордамыз күннен-күнге, жаңарып келеді. Осындай үрдісті, көзіңмен көрмесең сене алмайтындай өзгерістерге, жаңарулар мен жасаруларға төрткүл дүние түгел көз тігіп отыр. Олар да бізбен бірге қуанады, таңғалады. Қазақ халқының мықтылығына, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағына қайран қалады. Осындай жетістіктеріміз бен еңсерген еңбектеріміздің еш кетпеуі - далалық тарихымыздың тамарынан нәр алып, дүниеге келген Ата Заңымыздың арқасы екендігі даусыз. Ол - ақиқат. «Қасым ханның қасқа жолы» деп, «Есім ханың ескі жолы» деп, Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп, солардан бастау алған, нәрін сіңірген Конституциямыз халыққа қызмет етуде.
- Тарихқа да үңілген дұрыс. Қазіргі қолданыстағы Конституциямыз Қазақ мемлекетінің нешінші Ата Заңы?
- Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген Конституциялар, әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді.
Осылайша білікті заңгерлердің қатысуымен, Елбасымыздың қадағалауымен дүниеге келген тоғыз бөлім, тоқсан сегіз баптан тұратын бүгінгі қолданыстағы Конституция - Қазақстанның бесінші Ата Заңы. (1926 жыл наурыз, 1937 жыл 5 желтоқсан, 1977 жыл 7 қазан, 1993 жыл, 1995 жыл 30 тамыз). Соңғы екеуі Қазақстанның жаңа тарихында елеулі орын алатын айрықша оқиғалар. Себебі онда тұңғыш рет еліміздің тәуелсіздігі, егемендігі, мемлекеттік құрылысы, азаматтардың құқықтық мәртебесі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметтік жүйесі заңдық тұрғыдан толық бекітіліп берілді.
Бұдан кейін қолға алынған конституциялық өзгерістер елдің дамуын жаңа сапалық сатыға көтерді. Елбасы 2007 жылы 16 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде конституциялық өзгерістер Қазақстанның қуатты, бәсекеге қабілетті және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы жолындағы маңызды кезеңге айналатынын атап көрсеткен болатын. Сайлау заңнамасы жетілдіріліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілдендірілді. Ұлтаралық келісім қамтамасыз етіліп, Қазақстан халқы ассамблеясы нығайтылды. Сот жүйесі жетілдірілді. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың әлеуеті барынша күшейтілді.
Сондықтан біз өзгелерден қалмау үшін, биіктерге самғау үшін, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін азаматтарымыздың құқы Ата Заңның аясында айқын қорғалуы керек.
- Берік Сайлауұлы, әңгімемізді облыстық прокуратураның азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытында биылғы жылы тындырған шаруаларымен қорытқанымыз жөн болатын сияқты...
- 2011 жылдың басынан бері қолданылған прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде 18 238 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалды, 6 мың жұмысшының 170 млн теңге айлық жалақылары өндіріліп берілді. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бағытында жүргізілген 1354 тексерудің нәтижесінде 27 мың заң бұзушылық анықталды, оларды жою мақсатында 2345 прокурорлық қадағалау актілері енгізілді, олар қаралды. Түрлі жауапкершіліктерге 3611 тұлға тартылды. Мемлекет қазынасына 687 млн теңгеден астам қаржының түсуі қамтамасыз етілді.
Облыс прокуратурасы конституциялық заңдылықты мүлтіксіз орындауды алдағы кезде де жүзеге асыра береді.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

 

«Айкын», 31 тамыз, 2011 ж.

 

Артқа