Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Сотына
НАРАЗЫЛЫҚ
«Белқұдық» шаруа қожалығы сотқа талап арыз түсіріп, Үржар ауданының әкімінен 70 561 740 теңге келтірген зиян, 20 000 000 теңге мөлшерінде моральдық залалды және мемлекеттік бажбен қоса сот шығындарын өндіруді сұраған. 2006 жылғы 17 шілдедегі әкімнің №368 каулысында бұрынғы берілген, заңды түрде рәсімделген жер учаскесін қайта алған. Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2009 жылғы 27 мамырда заңды күшіне енген шешімімен аталған қаулы заңсыз деп табылған. Талапкер әкімнің заңсыз әрекетінің салдарынан, осы даудың кесірінен 2006-2008 жылдары жер пайдалана алмағандығын, тиісті өнімді ала алмай, табысынан айырылғанын, ешқандай пайда таппағанын көрсеткен.
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 13.05.2010 жылғы шешімімен «Белқұдық» шаруа қожалығының талап арызы ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден 88 050 теңге сот шығыны өндірілген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сатысының 7.07.2010 жылғы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгертіліп, шешімдегі талапкердің айырылып қалған пайданы өндіру жөніндегі талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Шаруа қожалығының пайдасына жауапкерден 70 561 740 теңге айырылып қалған пайда, 706 407 теңге мемлекеттік баж және 86 000 теңге көлемінде сот шығын өндірілген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық алқасының 25.08.2010 жылғы қаулысымен апелляциялық сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қабылдаған сот актілері материалдық және процессуалдық нормаларының бұзылуына байланысты заңсыз, сол себепті бұзылып, жаңа сот қарауына жолдануға жатады.
Сот талапкердің негізгі талабын толығымен қанағаттандыра отырып, жауапкердің әрекетін сот заңсыз деп танығанын, талапкердің жер учаскелерін иемдену, пайдалану және билік ету құқығынан айырылғандығын, талапкер ұсынған «Ар-аудит» ЖШС-нің 18.11.2009 жылғы қорытындыға сүйенген. Аудитор есептеп қорытынды жасағанда 31.05.2005 жылғы 912 санды Үржар ауданы әкімінің қаулысының негізінде айырылып қалған пайда мөлшерін анықтауда 299га егістік жер көлемін негізге алған. Алайда жоғарыдағы көрсетілген мән-жайлар іс құжаттарына сәйкес келмейді.
Іс құжаттарынан 07.02.1997 жылғы 18 санды Мақаншы ауданы әкімінің шешімімен «Арқалды» ЖШС-нің жерінен Б.Бейсенов «Белқұдық» шаруа қожалығын құрғаны, оның барлық жер үлесі 8523 га деп бекітілгені, оның ішінде 443 га егістік, 154га шабындық, 7750га жайылымдық жер тіркелгені анықталған.
Жер үлесі иелерінің бөлек шығуына байланысты, Үржар ауданы әкімінің 19.05.2005 жылғы №363 санды қаулысы негізінде жалпы үлестік меншік базасында жай серіктестік нысанында ұйымдасқан «Белқұдық» шаруа қожалығына барлық көлемі 3108га, оның ішінде 161,5га егістік, 55,5га шабындық, 2891га жайылымдық жер өтеулі ұзақ мерзімге 49 жылға берілгендігі қайта бекітілген.
31.05.2005 жылғы 912 санды Үржар ауданы әкімінің қаулысы 17.08.2006 жылғы Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық қаулысымен заңсыз деп танылған, себебі «Белқұдық» шаруа қожалығында 5740га көлемінде жер телімдері болмағандығы оның барлық жер үлесі 3108га құрайтындығы, оның ішінде егістік жер көлемі 161,5га құрайтыны сот қаулысымен нақты анықталған.
Аталған сот қаулысы заңды күшіне енген, сондықтан, шаруа қожалығының иесінде 299 га егістік жер көлемі болмағандығы іс құжаттарымен толықтай дәлелденеді.
АІЖК-нің 65-бабына сай, әр тарап өзінің талаптарының және карсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Осы Кодекстің 69 бабының 3 тармағына сәйкес заңсыз мән-жайлар дәлелдеме ретінде заңды күші жоқ деп танылады және сот шешімнің негізіне жатқызылмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдалана алмайды деп көрсетілген.
Бұл заң талаптары орындалмаған.
Аудитор қорытындысының заңға қарама-қайшылығы осы іске тартылған мамандар түсіндірмелерімен расталады, корытындысы орындалмаған жұмыс көлеміне жасалған. Сотта жауап берген аудитор Қасенов М.А. мен маман Айшолпанова А.Б. аудиторлық есепті тек қана табысталған құжаттар негізінде анықтағанын көрсеткен. Алынбай қалған пайданы есептеу барысында шаруашылықтың осы өнімдерді алуға жұмсаған шығындарын есепке алмағандарын, себебі «Белқұдық» шаруа қожалығы ондай мәліметтерді аудиторлық есепті жасау барысында бермеген, шаруашылықтың көрсеткіштері болмағандығын көрсеткен.
Жер Кодексінің 165, 166 баптарына сәйкес меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушылардың келтiрiлген шығыны олардың құқықтары бұзылған жағдайда өтеледі. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушының шығыны оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi.
Алайда, қажетті дәлелдемелердің болмауына байланысты «Белқұдық» шаруа қожалығы пайдасына Үржар әкімінен нақты 161,5 га егіннің орнына 299 га егін аумағын ескере отыра 70 миллион теңге көлемінде 3 жыл бойы алынбаған пайданы өндіру туралы соттың тұжырымы мезгілсіз.
Істі жаңадан карау барысында, аталған материалдық және процессуалдық кемшіліктерді жойып, іс бойынша қалыптасқан мән-жайларға тиісті құқықтық баға беріп, жинақталған шынайы дәлелдерді ескеру аркылы дауды шешуге шара қолдану қажет.
Аталған заң бұзушылықтар негізсіз шешім қабылдануына жол берген, ҚР АІЖК-нің 387-ші бабының 3 бөлімінде және Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» Нормативтік қаулысының 30 тармағында көрсетілген негіздерге байланысты осы азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілері қайта қарауға жатады.
Жоғарыда аталған негіздерге байланысты және ҚР АІЖК-нің 385 бабының 2 бөлігін, 386 бабының 1 бөлігін, 387 және 389 баптарын басшылыққа ала отырып,
СҰРАЙМЫН:
Іс бойынша қабылданған Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 13.05.2010 жылғы шешімін, Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сатысының 07.07.2010 жылғы, кассациялық сот алқасының 25.08.2010 жылғы қаулыларын бұзып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауды.
Тіркелді: 2 томдағы №2-878/2010 азаматтық іс, прокурордың ұсынысы, тараптарға наразылықтың жолданғандығы туралы реестр, барлығы бетте.
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры Қ. Мәми







Ведомстволық басылым. «Заң және заман»-


Прокуратура органдарының ардагерлері
Прокурорлар қауымдастығы
БАҚ– Бас прокуратура туралы
Прокуратура органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету






